Президенттік реформалар ұзақ мерзімді нәтиже беріп, Қазақстанның дамуы үшін берік іргетасқа айналуда. Бұл туралы ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Алматы облысының тұрғындарымен кездесу барысында айтты.
Кездесуде Мемлекет басшысының қоғам өмірінің барлық салаларында сапалы өзгерістерге бағытталған реформалары мен бастамаларын тиімді іске асырудың өзекті мәселелері мен нәтижелері талқыланды.
«Президент 1 қыркүйекте еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына, нәтижесінде қазақстандықтардың өмір сүру деңгейін арттыруғаарналған реформалардың жаңа пакетін ұсынды. Оң өзгерістердің маңызды шарты — азаматтық қоғамның белсенді қатысуы. Алматы облысының азаматтық сектор өкілдері үнемі белсенділік танытып, қоғамдық-саяси процестерге бей — жай қарамайтыны қуантады», — деп атап өтті Аида Балаева.
Өңірде жұмыс істейтін 600-ден аса ҮЕҰ және 36 ірі волонтерлік ұйым әлеуметтік маңызды жұмыстармен, соның ішінде ауылдық деңгейде де белсенді айналысады.
Министр Президенттің бастамалары ұзақ мерзімді нәтиже беріп қана қоймай, мемлекетіміздің дамуы үшін берік іргетасқа айналатынын, қазақстандықтардың болашағы жолында нақты нәтиже беретінін атап өтті.
Сондай-ақ Аида Балаева Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында ведомство қабылдаған шаралар туралы айтты.
Мәселен, азаматтар мен ҮЕҰ-ның мемлекет істерін басқаруға кеңінен қатысуына мүмкіндік беретін «Қоғамдық бақылау туралы» Заң қабылданды.
Креативті индустрияны дамыту жөніндегі жұмыс шеңберінде әрбір облыс орталығында және ірі қалаларда креативті индустрия орталықтарын қалыптастыруды қамтитын қолдау шараларының жеке пакеті әзірленуде.
Сарапшылар қауымдастығымен, сондай-ақ индустрия өкілдерімен бірлесіп авторлық құқық пен зияткерлік меншікті қорғау жөніндегі бірқатар новеллаларды, креативті индустрия өкілдерін қолдау шаралары мен преференцияларды көздейтін заңнаманы өзгерту тәсілдері талқыланады.
Креативті индустрияларды дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітіліп, жүзегеасырылуда. Үкімет креативті индустриямен байланысты 12 негізгі бағыт бойынша экономикалық қызметтің 43 түрін анықтады.
«Креативті индустрия саласын дамыту, ең алдымен, жастар үшін жаңа, табысы жоғары, қолжетімді жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі жандар мен шалғай елді мекенде тұратын азаматтардың өзін-өзі қамтамасыз ету үшін тиімді салаға айналады. Олар отандық мәдениеттегі оң өзгерістердің негізін қалап,мәдениет қызметкерлерінің беделін нығайтудықамтамасыз етеді», — деді ведомство басшысы.
Креативті индустрия бойынша 32 мың кәсіпкерлік субъектісінде 95 мың адам жұмыс істейді.
Министр Алматы облысы тұрғындарының сұрақтарына жауап беріп, олардың ұсыныстарын тыңдады.
Кездесуге қатысушылар Аида Балаеваға соңғы жылдары отандық киноиндустрияда шығарылып жатқан контентке назар аударуды сұрады.
Сонымен қатар, блогерлердің, әлеуметтік желідегі паблик әкімшілерінің жауапкершілігін күшейту, шындыққа сәйкес келмейтін және халықты адастыратын ақпаратты орналастыруға қатысты мәселе қозғалып, ұсыныстар айтылды.
Осыған байланысты министр шілде айында медиа заңнаманы жетілдіру мақсатында «онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы» Заң қабылданғанын еске салды. Қыркүйек айынан бастап жалған ақпарат таратқаны үшін 20-дан 100 АЕК-ке дейін айыппұл және бір жыл ішінде қайталанған жағдайда-10 тәулікке әкімшілік қамауға алу көзделеді. Жалған ақпаратпен күрес жөніндегі бұл норма қазірдің өзінде жұмыс істей бастады. Үш жарым айда 150 ұйғарым шыққан.
Одан бөлек, халықтың діни сауатын арттыру, балалар әдебиетін басып шығаруға қолдау көрсету туралы сұрақтар да көтерілді.
Азаматтарды жеке қабылдау барысында ведомство басшысы жас мамандардың жалақысын көтеруге байланысты сұрақтарға жауап берді. Өңірдегі азаматтық сектор өкілдері тарихи және мәдени мұра саласындағы жобаларды іске асыруға қолдау көрсетуге шақырды.
Министр Алматы облысына жұмыс сапары соңында өңірлік және республикалық БАҚ өкілдерімен кездесті.
Аида Балаева отандық медиасфераны дамытуға қатысты өзекті сұрақтарға жауап берді.
БАҚ өкілдерін «Масс-медиа туралы» заң жобасының негізгі новеллалары, журналистердің мәртебесін көтеру, газеттердің баспа басылымдарын, кәсіби журналистиканы дамыту мақсатында Министрлік қабылдаған шаралар қызықтырды.
«Мәжілістің бірінші оқылымында «Масс-медиа туралы» заң жобасы әзірленіп, мақұлданды. Онда саланы дамыту үшін барлық жағдай қарастырылған. Біз сіздерге барынша жағдай жасау үшін жұмыс істеудеміз, баспа басылымдары немесе электрондық БАҚ болсын, мүмкіндігі шектеулі жандардың ақпаратқа қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін, сапалы контент жасау үшін техникалық шарттарды пысықтаудамыз. 6000-нан астам журналист оқу курстарынан өтті. Бұл бағыттағы жұмыс 2024 жылы жалғасатын болады», — деп қорытындылады Аида Балаева.