Жаңалықтар

Іле ауданында 45 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды

Бұл туралы «AMANAT» партиясының аудандық филиал төрағасы Алмасбек Сатибаев мәлімдеді

Іле ауданында «AMANAT» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасының орындалуы бойынша бірқатар маңызды жобалар жүзеге асырылды. Бұл туралы аудандық филиал төрағасы Алмасбек Сатибаев брифинг барысында мәлімдеді.

2024 жылы инфрақұрылымды дамытуда айтарлықтай жұмыстар атқарылды. Сумен жабдықтау бойынша ауданда 80,9 шақырым жаңа құбыр тартылып, 7 су ұңғымасы қазылды.

Фото: almaty.tv

Сонымен қатар, 9 елді мекенде ауыз су желілері жаңартылып, Байсерке, Өтеген батыр және Ақсай ауылдарында 12 шақырым құбыр ауыстырылды. Ал кәріз жүйелері бойынша Өтеген батыр ауылында 6,8 шақырым желі жаңартылып, жаңа сорғы станциясы пайдалануға берілді. Боралдай кентінде 10,6 шақырым кәріз жүйесінің құрылысы жалғасуда.

«Сайлауалды бағдарламаның басты мақсаты – халықтың өмір сапасын жақсарту және инфрақұрылымды дамыту. Биыл біз ауыз су мен кәріз жүйелерін жаңартуға басымдық бердік. Бұл жұмыстар тұрғындардың күнделікті өмірін жеңілдетуге және ауданның тұрақты дамуына ықпал етеді. Жоспарланған жобалардың сәтті орындалуы – біздің жұмыстың нәтижелі екенінің дәлелі», – деді Алмасбек Сатибаев.

Көше жарықтандыру бойынша Жайнақ ықшам ауданында 469, Жаңаталап және Жаңадаур ауылдарында 454 жарық шамы орнатылды. Бұл шаралар аудан тұрғындарының қауіпсіздігін арттыруға бағытталған. Сонымен қатар, «Жер аманаты» жобасы шеңберінде пайдаланылмай жатқан 45 мың гектардан астам жер анықталды. Оның ішінде 4450 гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылып, 11 904 гектар қайта игеріле бастады.

«Пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару – біз үшін маңызды бағыт. Бұл тек ауыл шаруашылығының дамуына емес, ауданның экономикалық әлеуетін арттыруға да септігін тигізеді. Қайтарылған жерлер енді игеріліп, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді», – деп атап өтті Сатибаев.

Әлеуметтік қолдау бағытында да нақты жұмыстар атқарылды. Жыл басынан бері 1 049 отбасыға атаулы әлеуметтік көмек көрсетіліп, оларға 550 миллион теңгеден астам қаржы бөлінді. Мүгедек азаматтарды қолдау шеңберінде 352 адам жеке көмекшінің, ал 84 адам ымдау тілі маманының қызметін пайдаланды.

Іле ауданында жүзеге асырылып жатқан жобалар халықтың әл-ауқатын арттыруға және ауданның тұрақты дамуына бағытталған. Партия өкілдері бұл жұмыстардың алдағы уақытта да жалғасатынын жеткізді.