Ұйғыр ауданында «AMANAT» партиясының аудандық филиалы төрағасы Нұрсұлтан Болатұлы 2024 жылы партияның сайлауалды бағдарламасы аясында жүзеге асырылған негізгі жобалар туралы баяндама жасады.
Брифинг барысында инфрақұрылымды дамыту, газдандыру, жол жөндеу, жарықтандыру және медициналық қызметтерді жақсарту бағытында атқарылған жұмыстардың нәтижелері айтылды.
«2024 жылы ауданымызда партияның сайлауалды бағдарламасына сәйкес 32 іс-шара жоспарланды. Оның ішінде 19 жоба толығымен орындалып, 13-і жүзеге асырылу үстінде. Бұл көрсеткіштер біздің халыққа берген уәделерімізді орындап жатқанымызды көрсетеді. Ауылдарды газдандыру, жолдарды жөндеу және медициналық пункттер салу сияқты нақты жобаларымыз тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға мүмкіндік берді», – деді Нұрсұлтан Болатұлы.
Аудандағы Тасқарасу, Бахар және Шарын ауылдарына газ құбырларын тарту жұмыстары 2023 жылы басталып, 2024 жылдың тамызында толық аяқталды. Жобаны «Ремстрой» ЖШС жүзеге асырды. Нәтижесінде, көгілдір отынға қол жеткізген ауыл тұрғындары тұрмыс жағдайларының айтарлықтай жақсарғанын атап өтуде.
«Газдандыру жобасы ауданымыздың инфрақұрылымын дамытуда маңызды қадам болды. Қазір Тасқарасу, Бахар және Шарын ауылдарының тұрғындары табиғи газды пайдаланып отыр. Бұл – 2024 жылы орындалған уәделеріміздің бірі және халықтың өмір сапасын арттыруға бағытталған нақты іс», – деп атап өтті партия филиалының төрағасы.
Сонымен қатар, Шонжы ауылындағы 7,7 шақырым көше жолдарын жөндеу жұмыстары аяқталды. Оның ішінде 2023 жылы Бесарыс, Хантау және Ақжар көшелерінің 2,4 шақырымы асфальтталса, 2024 жылы А. Арзиев көшесінің 5,3 шақырымы жаңартылып, пайдалануға берілді.
«Жолдардың жағдайын жақсарту – ауыл тұрғындарының күнделікті өмір сапасын көтерудің басты шараларының бірі. Шонжы ауылындағы жөндеу жұмыстарының нәтижесінде басты көшелеріміз жаңа асфальтпен жабдықталып, қозғалыс қауіпсіздігі артты. Бұл жұмыстарға бөлінген қаржы тиімді пайдаланылып, нәтижесі тұрғындардың игілігіне берілді», – деді Нұрсұлтан Болатұлы.
Ауданның жарықтандыру мәселесін шешу бойынша да ауқымды жұмыстар атқарылды. Дардамты және Сұңқар ауылдарында көше жарықтандыру үшін 185 жарық шамы орнатылды. Бұл жұмыстарға 8,3 миллион теңге бөлініп, мердігер «Ақсу и СР» толықтай аяқтады.
«Түнгі уақытта көше жарықтандыру мәселесі – шалғай ауылдар үшін өзекті. Биылғы жылы орнатылған 185 жарық шамы ауыл тұрғындарының қауіпсіздігі мен жайлылығын арттырып, олардың өмір сапасын жақсартуға септігін тигізді. Мұндай жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады», – деді ол.
Медициналық қызметтерді жақсарту бағытында да маңызды қадамдар жасалды. Тасқарасу ауылында жаңа фельдшерлік пункт 2024 жылдың басында қолданысқа берілді. Бұл шалғайдағы ауыл тұрғындарына медициналық қызмет көрсетудің қолжетімділігін қамтамасыз етті.
«Шалғай ауылдарда фельдшерлік пункттердің болмауы – тұрғындар үшін үлкен мәселе болатын. Биыл Тасқарасу ауылында медициналық пункт ашылып, бұл мәселе шешілді. Алдағы уақытта басқа ауылдарда да осындай жобалар қолға алынбақ», – деді Нұрсұлтан Болатұлы.
Брифинг соңында партия төрағасы қоғамдық қабылдаулар барысында шешімін тапқан мәселелерге тоқталды. Ауылдық округтердегі тұрғындардың талап-тілектері ескеріліп, олардың орындалуы қатаң бақылауға алынған.
«AMANAT» партиясының басты мақсаты – халыққа берген уәделерді орындау. Биылғы жылы біз инфрақұрылымдық жобалар мен әлеуметтік қолдау шараларын тиімді жүзеге асыра білдік. Газдандыру, жолдарды жөндеу, жарықтандыру және медициналық қызметтерді жақсарту бойынша нақты нәтижелерге қол жеткіздік. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғаса береді», – деп қорытындылады Нұрсұлтан Болатұлы.
2024 жылы Ұйғыр ауданында халықтың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған нақты жобалар сәтті жүзеге асырылды. Партия басшылығының айтуынша, ауданның әлеуметтік-экономикалық даму қарқынын арттыру үшін жұмыстың жаңа кезеңдері басталады.