Жаңалықтар

Алматы облысында 59 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылды

Биыл өңірде 47 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылды

Алматы облысының Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы халықты жұмыспен қамту бойынша белсенді шараларды жалғастыруда. Бұл туралы басқарма баспасөз қызметі мәлімдеді.

«2024 жылғы 25 желтоқсандағы жағдай бойынша облыста 47,7 мың адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен қамтылды. Оның ішінде 35,9 мың азамат жұмысқа орналастырылды», – деп хабарлады басқарманың баспасөз хатшысы Меруерт Қыдырбайқызы.

Сонымен қатар, тұрақты жұмысқа орналастырылғандардың саны – 24,1 мың адам. Субсидияланатын жұмыс орындарына 11,8 мың азамат тартылды. Олардың ішінде:

  • әлеуметтік жұмыс орындарына – 601 адам;
  • жастар практикасына – 972 адам;
  • қоғамдық жұмыстарға – 8162 адам;
  • «Бірінші жұмыс орны» жобасы бойынша – 580 адам;
  • «Ұрпақтар келісімшарты» жобасы бойынша – 40 адам;
  • «Күміс жас» жобасы аясында – 1444 адам.

Бұдан бөлек, қысқа мерзімді оқыту бағдарламалары арқылы 624 жұмыссыз азамат білім алды. Оның 371-і оқуын аяқтап, 315 адам жұмысқа орналасты.

«Skills Enbek платформасында еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша 3118 адам онлайн-оқытудан өтті. Ал «Бастау Бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздеріне 2953 азамат оқытылды», – деді Меруерт Қыдырбайқызы.

Жаңа бизнес бастамаларды қолдау мақсатында 2024 жылы халықтың әлеуметтік осал топтарына 260 грант берілді. Әр гранттың көлемі 400 АЕК-ке дейін жетті.