Жұмыс берушілер МӘМС төлемдерінің екі түрін жасайды: біріншісі – ай сайын қызметкер жалақысының 3% мөлшерінде өз қаражатынан төлейтін аударымдар. Ол аударымдардың ең жоғары сомасы айына 10 еселенген ЕТЖ**-дан 3% — дан немесе 2024 жылы 25500 теңгеден аспауы тиіс. Екіншісі- жарналар. Олардың жұмыс берушісі қызметкердің жалақысынан ай сайын 2% ұстайды. Бұл туралы «ӘМСҚ» Алматы облыстық филиалының бөлім басшысы Айгерім Санақбаева облыстық Кәсіпкерлер палатасының қызметкерлерімен кездесуде мәлімдеді.
Мұнда да жоғарғы шек бар, айына 10 еселенген ЕТЖ-дан 2%-ы одан артық жұмыс беруші төлемеуі тиіс немесе 2024 жылы 17000 теңгені құрау керек. Егер қызметкер бірнеше жерде еңбек етсе, барлық жұмыс орындарынан МӘМС жарналарының сомасы ай сайын 17000 теңгеден аспауы тиіс. Спикер қатысушыларға МӘМС жүйесінде «сақтандырылған» мәртебесі бар азаматтардың қандай медициналық көмек алуға құқығы бар, төлем мөлшерлері, «жалған жазба» кезіндегі әрекеттер туралы кеңінен түсіндірді.
«МӘМС жүйесіне мүмкіндігіне қарай төлем жасаған әр азамат МӘМС бойынша көмек алу үшін жүгінген кезде қажетіне қарай ем алады, тіпті қажет болған жағдайда құны қымбат жоғары технологиялық медициналық қызметтер де МӘМС жүйесінде тегін жасалады. Жарналарды екінші деңгейлі банк, Қазпошта, Мобильді қосымша Каспи, Халык банк, Касса 24 терминалы арқылы төлеуге болады», — деді Айгерім Жақыпбекқызы.
Мұнымен қоса, МӘМС жүйесінің артықшылықтары, мәртебені тексеру жолдары, жоғалту қаупі бар жағдайлар, емхананы таңдау принциптері, дәрі-дәрмектеп қамтамасыз етілу, жеңілдік санатына кімдер кіретіні де баяндамада қамтылды.
«Бүгінде Алматы облысында 1 жарым млннан астам халық тұрады. Олардың 70 пайызына жуығы МӘМС жүйесінде жеңілдік санатына жатады. Яғни, бұл азаматтар үшін жарнаны мемлекет төлеп келеді. Бұл қатарда балалар, жұмыссыз ретінде тіркелген адамдар, жұмыс істемейтін жүкті әйелдер, зейнеткерлер, мүгедектер, «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері, «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көпбалалы аналар;, Мүгедектігі бар балаға күтім жасауды жүзеге асыратын адамдар бар», — деді қор өкілі кездесуде.
Жиында қор қызметі, жаңашылдықтар туралы да айтылды. Өз кезегінде Алматы облыстық кәсіпкерлер палатасының мамандары толғандырған сұрақтарын кезек-кезек қойды. Аудандық филиал өкілдері де онлайн қатысып, сауалдарын жолдады. Бұл қатарда МӘМС жүйесінде қолжетімді медициналық қызметтердің цифрландырылуы, ашықтығы, порталды күту ұзақтығы, жолдамаларды алу жолдары, емхананы ауыстыру, шұғыл жағдайда ТМККК шеңберінде ем-шара алу туралы мәселелер болды. Спикер қызметкерлердің сұрақтарына егжей-тегжейлі жауап берді. Қордың байланыс арналарын да ұсынды. Жиын соңында кездесу қатысушылары өз ризашылықтарын жеткізді.
«ӘМСҚ» АЛМАТЫ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ