ЖаңалықтарЖетісу облысы

Жұмысшы мамандықтары жылы аясында Жетісу өңірінде «Еңбекпен ер атанған» көш керуені өтеді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған жолдауында 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялады. Соның аясында Жетісу облысындағы мәдениет саласының қызметкерлері еңбек адамдарының жетістіктерін дәріптеу, қоғамдағы рөлін көтеру, жастарды кәсіби бағыттауға шақыру мақсатында іс-шаралар ұйымдастырылмақ.
24 қаңтар күні Жетісу облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқарамасының ұйымдастыруымен М.Тынышбайұлы атындағы Жетісу облысының тарихи-өлкетану музейінде «Жұмысшы мамандықтары: кеше және бүгін» тақырыбындағы көрменің ашылу салтанаты өткізіледі.
Шараны өткізу аясында Социалистік еңбек ерлерінің жеке заттары, XX ғасырда ауыл шаруашылығында қолданылған еңбек құралдары, «Ажар» тігін фабрикасы мен «Жетісу» аяқ киім фабрикасының тауарларымен безендірілген көрме бойынша экскурсия жүргізіледі.
Мәдениет саласы жұмысшыларды қолдау мен ынталандыруда өз үлесін қосуды қолға алып отыр. Аудан, қала, елді-мекендерге облыстық театр және филармония әртістері шығып жұмысшылар алдында қойылымдар қойып, концерттер беріп, еңбегімен ер атанған тұлғалардың өмір жолы туралы насихаттайтын музей, галерея, кітапхана көрмелері таныстырылып, олардың демалысын қызықты әрі мазмұнды етуге атсалысу жоспарланып отыр.
Жобаның мақсаты Жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің реформасын жүзеге асыру.