Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялап, еңбек адамдарының мәртебесін көтеру мен олардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға басымдық берді. Осы бастаманы қолдай отырып, «AMANAT» партиясы биылғы жылды «Бастауыш партия ұйымдары жылы» деп белгіледі.
Осыған орай, «AMANAT» партиясының Алматы облыстық филиалы өңірдегі ірі ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының бірі – «Дәулет-Бекет» ЖШС базасында бастауыш партия ұйымын құрды.
Жаңа ұйымның ашылу рәсіміне Алматы облыстық мәслихатының төрағасы, «AMANAT» партиясының облыстық филиалының төрағасы Қуат Байғожаев, Алматы облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Ерболат Тұрымбетов және партия белсенділері қатысты. Жиын барысында ұжым мүшелері партия қатарына ресми түрде қабылданып, оларға партиялық билеттер табысталды. Сонымен қатар, кәсіпорынның дамуына және әлеуметтік жобаларға үлес қосқан қызметкерлерге алғыс хаттар тапсырылды.
Ұйым төрағасы болып «Дәулет-Бекет» ЖШС директоры Сыдық Дәулетов бірауыздан сайланды. Ол өз сөзінде кәсіпорын қызметкерлерін ортақ мақсатқа ұйыстырып, партияның әлеуметтік-экономикалық бастамаларын қолдауға үлес қосатынын жеткізді. Сондай-ақ, жаңа ұйымның қызметін жандандыру мақсатында филиалға қызметтік көлік сыйлады.
«Дәулет-Бекет» ЖШС – Қазақстандағы түйе шаруашылығымен айналысатын жетекші кәсіпорындардың бірі. 2001 жылы негізі қаланған серіктестікте бүгінде 5000-нан астам түйе өсіріледі. Кәсіпорын түйе сүтінен шұбат және құрғақ сүт өнімдерін өндірумен айналысады. 2021 жылы іске қосылған заманауи зауыт айына 30 тонна дайын өнім өндіреді. Бүгінде компания өнімдері Қазақстан нарығынан бөлек, Ресей, Қытай, Түркия, Германия және Францияға экспортталуда.