Қарасай клиникалық көпбейінді орталық аудандық ауруханасында алғаш рет жамбас буынын қайта алмастыру бойынша күрделі ревизиялық операция жасалды.
1957 жылы туған науқас портал арқылы жоспарлы түрде ауруханаға түсті. Дәрігерлер оған бұрын орнатылған эндопротезді алып тастап, жаңа ревизиялық протез орнатты.
Мұндай операциялар жоғары технологиялық медициналық көмекке жатады және хирургтардың жоғары біліктілігі мен арнайы жабдықты қажет етеді.
Отадан кейінгі келесі күні-ақ науқас жүріп-тұру құрылғысының көмегімен өздігінен қозғала алды. Ем мен операцияның жалпы құны – 2 328 438 теңге, ол толықтай Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры есебінен төленді.
Қазір науқастың жағдайы қанағаттанарлық, ол ауруханадан сауығып шықты. Дәрігерлер оған әрі қарай қалпына келу және бақылау бойынша ұсыныстар берді.

