Без рубрики

Биыл Қонаев қаласында «Аңсаған сәби» бағдарламасымен 30-ға тарта отбасы сәбилі болды

Алматы облысында МӘМС аясында бөлінген “Аңсаған сәби” квотасы толығымен игерілді. Денсаулық  сақтау басқармасы басшысының орынбасары Лейла Серікбаеваның айтуынша, биыл өңірдегі 523  отбасыға осы бағдарлама игілігін көру мүмкіндігі берілген. Бүгінде елімізде 15 мың ерлі-зайыпты бедеулік диагнозымен есепте тұр. Үкімет бұл отбасыларға  үміт сыйлау үшін “Аңсаған сәби” бағдарламасы арқылы қолдау көрсетуде.  Айта кетейік, эко орталықтарына қаржы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі арқылы төленеді. Бағдарламаға қатысу жолдары, квотаны қалай алуға болады, мүмкіндіктер кімге қарастырылған? Қонаев қалалық көпсалалы ауруханасының дәрігер Назгүл Асқарқызы баяндайды.

-Қайырлы күн, Назгүл Елеусізова! Бала аңсап жүрген отбасыларға мемлекет тарапынан қолдауға нақтырақ тоқталсаңыз.

-Мен Қонаев қалалық көпсалалы ауруханасында әйелдер кеңесі бөлімінің меңгерушісімін.  2021 жылы «Аңсаған сәби» бағдарламасы іске қосылды. Бағдарлама Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры есебінен қаржыландырылады. Себебі, 1 млн теңгеден асатын медициналық қызмет құнын әр отбасының қалтасы көтере бермейді. Жалпы, Сәттілік көрсеткіші де жаман емес. Әр екінші әйелдің құрсағына сәби бітуде. Дегенмен тегін эко жасату мүмкіндігі екі жағдайда ғана берілетінін құлағдар ете кетейік. Еркектік фактор әсер еткенде және әйелде жатыр түтікшесі болмаған жағдайда ғана квотаны алуға мүмкіндік бар. Бізге науқастар жүгініп жатады.

-Денсаулық сақтау басқармасы басшысы өкілдерінің айтуынша, биыл өңірдегі 523  отбасыға осы бағдарлама игілігін көру мүмкіндігі берілген. Президент пәрмені сәбиді аңсап жүргендер талай отбасыға үміт сыйлады. Жалпы, осы бағдарламаға кімдер қатыса алады және оған жолдаманы қалай алуға болады?

-Экстракорпоральды ұрықтандыру еліміздегі 19 клиникада жүргізіледі. Оның 7-уі Алматы қаласында. Алматы облысында әзірге ондай орталықтар жоқ. Біздің өңірдегі отбасылар осы клиникалар көмегімен балалы болуға тырысып жатыр. квота алғысы келетін пациенттің мәртебесі сақтандырылған болуы тиіс. Алдымен сәби сүйгісі келетін жұп репродуктологтың кеңесіне бару керек. Оған жолдаманы өз емханасындағы гинеколог береді. Қажетті тексерілулерден соң, пациенттің ЭКҰ жасауға көрсеткіштері сай келсе, құжаттарды жинап, дәрігерлік-консультациялық комиссиядан өтеді. Комиссия оң шешім шығарған жағдайда, жұп кезекке тұрады. Қонаев қалалық көпсалалы ауруханасында қажетті мамандар бар. Биыл облыс орталығында 30-ға жуық әйел мемлекет игілігін көрді, яғни тегін эко жасалды.

-Егер де экодан кейін әйел бала көтеруде сәтсіздікке ұшыраса, келесі жолы тағы да МӘМС аясында осы бағдарламаға тегін қатыса ала ма?

-Жылына МӘМС аясында 1 рет тегін экоға ие болады. Талпынысы сәтсіз аяқталған жағдайда келесі жылға кезекке тұра алады. Оның үстіне жасанды ұрықтандыру қызметіне (ЭКҰ) бірнеше рет жүгінетін отбасылар болады.

-Квотаны кімдер ала алмайды?

— Кез келген отбасына беріле бермейді. Мысалы, қан қысымының ІІ, ІІІ дәрежелі аурулары, қант диабетінің ІІІ дәрежелі ауруы, психологиялық дерті бар аналық жасушасының ақаулары бар, қатерлі ісікке шалдыққан, инсульт алған әйелдерге болмайды. Өйткені, келіншектің өміріне қауіпті болып саналады.

Сұхбатыңызға рахмет! «Аңсаған сәби” бағдарламасы жүзеге асырыла бастағалы бері МӘМС есебінен 20 мыңға жуық әйелге экстракорпоральды ұрықтандыру  жүргізілген.  2022-2023 жыл аралығында 4 мыңнан аса отбасыда 5 мың нәресте дүниеге келген. Экстракорпоральды ұрықтандыру еліміздегі 19 клиникада жүргізіледі. Оның 7-уі Алматы қаласында. Алматы облысындағы отбасылар осы клиникалар көмегімен балалы болуға тырысып жатыр.Бала – бақыт. Әр отбасына осындай бақыт тілейміз. Ауырмайық, амандықта жүздесейік!