NewsЖаңалықтар

Ғылымның болашағы: IESO 2025-те Ақжол Болат!

Талдықорған қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Ақжол Болат IESO — 2025 халықаралық олимпиадасына финалдық іріктеу турының жеңімпазы атанды!

Биыл халықаралық олимпиада Қытай мемлекетінде өтетін болады.

IESO (International Earth Science Olympiad) – геология, метеорология, геофизика, океанография және астрономия сияқты пәндерді қамтитын орта мектеп оқушыларына арналған жыл сайынғы жарыс.

Қазақстан 2015 жылдан бастап олимпиадаға қатысып келеді және осы уақыт ішінде біздің командалар Бразилия, Жапония, Франция, Таиланд және Оңтүстік Корея сияқты елдердегі халықаралық аренада, сондай-ақ пандемия кезінде үш рет онлайн-форматта ел атынан жоғары нәтиже көрсетті.

Жыл сайын олимпиадаға әлемнің 30 – дан астам елінің жас геологтары қатысады. Биыл іріктеу турына Қазақстанның түрлі мектептерінен 100-ден астам үміткер қатысты. Олимпиада қорытындысы бойынша финалға төрт қатысушы шықты, олардың ішінде Ақжол Болат.

Айта кетсек, Ақжол бірқатар беделді халықаралық олимпиадалардың жүлдегері. Өткен жылы Сербияда өткен EGeO — 2024 еуропалық және Ирландиядағы iGO-2024 олимпиадаларында күміс медаль иегері.

Мұндай іс-шаралар оқушылардың ой-өрісін кеңейтіп қана қоймай, болашақ мамандықты таңдауға айтарлықтай әсер етеді, сонымен қатар елдер арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтуға ықпал етеді.

Ақжол Болат-табандылық пен білімге деген ұмтылыс халықаралық тануға және табысқа жетелейтінінің жарқын мысалы.