Жаңалықтар

Балқаш ауданында «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасының орындалуы бойынша брифинг өтті

Ауданның әлеуметтік және экономикалық дамуы бойынша атқарылған жұмыстардың нәтижелері айтылды

Балқаш ауданында «AMANAT» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасының орындалу барысы талқыланған брифинг өтті. Аудандық филиал төрағасы Марат Ноғайбай халыққа әлеуметтік маңызы бар жобалардың іске асырылғаны туралы баяндап, бұл жұмыстардың аудан тұрғындарының өмір сапасын арттыруға ықпал етіп жатқанын айтты.

Бақанас ауылында 5 қабатты 40 пәтерлі тұрғын үй салтанатты түрде ашылды. Бұл құрылыс 2022 жылы басталып, «Бауыр Құрылыс Компания» ЖШС мердігерімен жүргізілді. Тұрғын үй халыққа қолжетімді баспана ұсынып, ауданның әлеуметтік инфрақұрылымын нығайтуға бағытталған.

«Бақанас ауылында көптен күткен тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл – біздің аудан үшін үлкен жетістік. Бұл жоба тек құрылыс саласының дамуын ғана емес, сонымен бірге тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуды көздейді. Халықты баспанамен қамту – біздің басты басымдықтарымыздың бірі. Мұндай жобалар біздің өңірдегі әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған нақты қадамдардың айғағы», – деді Марат Ноғайбай.

Ақдала ауылында жаңа фельдшерлік-акушерлік пункт ашылды. Заманауи медициналық нысан күніне 30 адамға қызмет көрсетуге қауқарлы.

«Медициналық қызметтердің сапасын арттыру – біздің аудандағы басым бағыттардың бірі. Ақдала ауылында ашылған бұл жаңа медициналық пункт ауыл тұрғындары үшін маңызды жаңалық. Енді халық медициналық көмекке жылдам қол жеткізе алады. Бұл олардың денсаулығы мен өмір сапасына оң әсер ететініне сенімдіміз», – деді филиал төрағасы.

Балқаш ауданында инфрақұрылымды дамыту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Биыл 26 жаңа көше жарықтандырылып, 74 көшенің жарықтандыру жүйесі жөнделді. Сонымен қатар, 41,8 шақырым жол жөндеуден өтіп, 6,7 шақырым су құбыры тартылды.

«Біз ауданның инфрақұрылымын жаңартуға ерекше көңіл бөліп келеміз. Биыл жарықтандыру, жол жөндеу, су құбырларын тарту бойынша үлкен жұмыс атқарылды. Бұл тек ауылдардың дамуына ғана емес, сонымен қатар жергілікті тұрғындардың өмір сүру жағдайларын жақсартуға бағытталған қадамдар», – деді Марат Ноғайбай.

Бағдарлама аясында жаңадан құрылған шаруа қожалықтары үшін 133 адам жұмысқа орналастырылды, фермерлерге лизингке 19 ауыл шаруашылығы техникасы берілді.

«Ауыл аманаты бағдарламасы – ауыл тұрғындары үшін жаңа мүмкіндіктердің бастауы. Бұл бағдарлама арқылы біз ауыл шаруашылығын дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және халықтың табысын арттыруға ықпал етіп отырмыз. Мұндай жобалар ауылдық жерлердің әлеуетін толық пайдалануға мүмкіндік береді», – деді ол.

Ауданда STEAM бағытындағы 7 пәндік кабинет жабдықталып, пайдалануға берілді. Сонымен қатар, кәсіби даярлау курстары аясында 418 адам оқытылды, бұл жоспардан 39%-ға артық.

«Білім беру – біздің болашағымыздың негізі. STEAM бағытындағы заманауи пән кабинеттері оқушыларға сапалы білім алуға жағдай жасайды. Сонымен бірге, кәсіби даярлау курстары халықты еңбек нарығына бейімдеуге көмектеседі. Біз осы бағыттағы жұмыстарды жалғастырамыз», – деп қорытындылады партия филиалының төрағасы.

Марат Ноғайбай сөз соңында «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасының міндеттері халық игілігі үшін белсенді түрде орындалып жатқанын, бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті.

 

Shares:

Related Posts

Жаңалықтар

Жетісуда қант қызылшасының егіс көлемі 1,5 мың гектарға қысқарады

Биыл Жетісу облысында қант қызылшасының егіс алаңы 12,2 мың гектарды алып отыр. Екі қант зауытының өндірістік қуаттылығына байланысты егіс көлемі 1,5 мың гектарға қысқартылмақ. Осы көлемде егілген дақылдан шамамен 550
Жаңалықтар

Алматы облысында былтыр 6 мың гектардан астам орман алқабын өрт шалған

Өңірде ауа температурасының жоғарылауына байланысты өткен аптада ғана құрғақ шөп пен қамыстың өртеніп, 26 оқиға тіркелді.Бұл туралы Алматы облысы ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығы Самат Кенжеханұлы айтты.   Облыс
Жаңалықтар

Жақында «Алатау лигасының» жаңа маусымы басталады

2025 жылдың 15 сәуірінде Алматы облысындағы бұқаралық спортты дамытуға арналған жоба – «Алатау лигасының» алғашқы іріктеу кезеңі өтеді. Бұл туралы Алматы облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында белгілі
Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *