Жаңалықтар

Кеген ауданында жолдар жөнделіп, жаңа үйлер мен мектептер пайдалануға берілді

Ауданда инфрақұрылымды дамыту және ауыл шаруашылығын қолдау бағытында бірқатар маңызды жобалар жүзеге асырылды

Бұл туралы «AMANAT» партиясы Кеген аудандық филиалының төрағасы Тұрсынбай Әлімбай брифинг барысында мәлімдеді.

«2024 жылы ауданымызда халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған ауқымды жұмыстар атқарылды. Жолдарды жөндеу, тұрғын үй құрылысын аяқтау және ауыл шаруашылығын дамыту бойынша жоспарланған жобалар сәтті орындалды», – деді Тұрсынбай Әлімбай.

Жол жөндеу жұмыстарына биыл 1 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Алғабас ауылының көшелерін жөндеуге 98,5 миллион теңге, Кеңсу ауылының жолдарына 58,8 миллион теңге бөлінсе, Ақтасты ауылындағы жөндеу жұмыстары толығымен аяқталды.

Кеген ауылында 30 жалға берілетін тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, қолданысқа берілді. Жоба құны 1 миллиард 231 миллион теңгені құраған.

«Бұл жаңа үйлер аудан тұрғындарының баспана мәселесін шешуге ықпал етеді. Құрылыс барысында инженерлік-коммуникациялық желілер тартылып, инфрақұрылым толық дайындалды», – деп атап өтті Тұрсынбай Әлімбай.

Білім беру саласында да айтарлықтай жұмыстар жүргізілді. Ө.Жаңабаев атындағы орта мектеп күрделі жөндеуден өтіп, 1 миллиард 147 миллион теңге қаржы бөлінді. Мектеп жаңа оқу жылында пайдалануға берілді.

Ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында аудандағы шаруа қожалықтарына техникаларды жаңарту үшін қолдау көрсетілді. Жыл басынан бері «ҚазАгроФинанс» арқылы 138 миллион теңгеге 15 жаңа техника лизингке алынды. Оның ішінде Бөлексаз, Жалағаш, Қарқара, Жылысай ауылдық округтеріндегі шаруа қожалықтары заманауи тракторлар мен қосалқы құрал-жабдықтар сатып алды.

«Ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту – өңірдің аграрлық секторын нығайтудағы маңызды қадам. Бұл жұмыстар шаруалардың өнімділігін арттырып, экономиканың тұрақты дамуына ықпал етеді», – деді Тұрсынбай Әлімбай.

Кеген ауданында атқарылған жұмыстар тұрғындардың тұрмыс жағдайын жақсартуға және өңірдің экономикалық әлеуетін арттыруға бағытталған. Брифинг барысында аудан басшылығы алдағы уақытта да осындай маңызды жобалардың жалғасатынын жеткізді.