Жетісу облысыҚоғам

Лепсі ауылының әрбір бесінші отбасы омарташы

Алакөл ауданының әкімшілігінің ұйымдастыруымен өтіп жатқан пресс-турдың алғашқы нысаны Лепсі ауылындағы бал өндіретін «Лепсі өнімдері» ЖШС болды. Экологиялық таза бал өндіретін кәсіпорын қазіргі уақытта жылына 300 тоннаға дейін бал өнімін шығарады. Сапасы жоғары бал өніміне өз бағасын тұтынушылар да беруде. «Лепсі өнімдері» республика бойынша бірнеше мәрте «Алтын сапа» тауар белгісін алған бірден бір кәсіпорын.

«Лепсі өнімдері» бал зауытының маманы Фарида Абузярованың айтуынша,  бал зауытының басты жаңалығы — жаңа өнім кремді бал түрін өндіру. Ерекшелігі – таза балды екі тәулік бойы миксермен араластарып, ауамен қанықтыруында. Крем балдың дәмі ерекше балғын. Қазіргі уақытта бал зауытының өнімдері Жапония, Біріккен Араб Әмірлігі, ҚХР, Ресей мемлекеттеріне экспорттайды.

«Лепсі ауылының әрбір бесінші тұрғыны – омарташы. Біз табиғатымыздың берген сыйын қолдана отырып, халыққа табиғи таза өнім ұсынатынымызға қуанамыз. Сол себепті  жаңадан «Лепсі Бьюти» косметикалық өнімі сабын жасауды қолға алдық. Оның сапасы да жоғары. Бет күтіміне өте жақсы таза өнім құрамында бал, саумал, ауылымызда өсетін шөп қосылған. Және одан бөлек өндірісімізде фитошайлар да шығарылады», — дейді зауыт маманы Фарида Абузярова.