Жаңалықтар

МӘМС: Алматы облысында 28 мыңға жуық ота жасалды

Алматы облысында биыл МӘМС жүйесі арқылы 27 700-ден астам ота жасалды. Жоғары технологиялық бұл операциялардың басым бөлігі кардиохирургия, нейрохирургия және ЛОР бағытында.Бұл туралы ӘМСҚ Алматы облыстық филиалының директоры Тілеухан Әбілдаев баспасөз мәслихатында баяндады.

Қордың Алматы облыстық филиалының директоры Тілеухан Әбілдаевтың айтуынша, тұрғындар жыл басынан МӘМС аясында жалпы сомасы 34,8 млрд теңгеге медициналық көмек алған.
Көрсетілген қызметтердің ішінде стационарлық көмек пен қымбат диагностикалық шараларға сұраныс жоғары. Сонымен қатар, 2 млрд теңгеге медициналық оңалту қызметі көрсетілді. Бұдан бөлек,амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету үшін қос пакет бойынша 12,6 млрд теңге қарастырылып, 570 мыңнан астам рецепт жазылған.

“МӘМС есебінен күн сайын жоғары технологиялық операциялар жасалады, әрі мұндай бір операцияның құны бірнеше миллион теңге болады. Барлығы ЖТМК-ге 1,0 млрд теңге бағытталды. Қаражаттың көп бөлігі кардиохирургиялық операцияларға бағытталған”,-деді Тілеухан Әбілдаев.

Спикердің айтуынша, денсаулық сақтау саласында әлі де бірқатар мәселелер бар. Биыл өңірдегі клиникаларда сомасы 1,7 млрд теңгеге 291 мыңнан астам заңбұзушылық тіркелген. Олардың қатарында емдеу-диагностикалық стандарттардың сақталмауы, қызмет құнын негізсіз көтеру сынды деректер анықталған. Одан бөлек,филиал сарапшылары көрсетілмеген қызметтерді тіркеу бойынша 438 жағдайды анықтап, аталған жағдайлар бойынша айыппұл салынып, 14 млн теңгеден астам қаражат мемлекетке қайтарылған.

Облыс тұрғындары да медициналық қызметтің сапасына қатысты шағымдарын білдіріп келеді. Жыл басынан бері Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына 2610 өтініш түссе, оның 1218 – шағым. Тұрғындар көбіне емханалардағы ұзақ кезек, консультациялық-диагностикалық қызметтердің қолжетімсіздігі және стационарлық көмек сапасының төмендігіне шағымданады.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры азаматтарды өз құқықтарын қорғауға шақырады. Өтініштерді Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы, msqory.kz сайты немесе Telegram-дағы @Saqtandyrýbot арқылы қалдыруға болады.
Айта кетейік, Алматы облысында халық саны 1,6 миллионды құрайды. Оның ішінде 1,3 миллионнан астам тұрғын сақтандырылған болса, 295 мың тұрғын әлі де МӘМС жүйесіне тіркелмеген.