Ашық аспан астында жас қылқалам шеберлері бас қосты.
Қапшағай көлі жағалауында «Таза Қазақстан» акциясы аясында «Жасыл елім — жанға сая» атты сурет байқауы өтті. Шараға Қонаевтағы «Asyl» өнер мектебінің жас суретшілері қатысып, өзара бақ сынасты. Жастар өз шығармашылық қабілеттерін көрсетіп, табиғаттың сұлулығын бейнеледі.
«Жалпы жастардың экологиялық мәдениетін арттыру, қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне назар аудартуды көздейді. Басты мақсатымыз — сурет өнері арқылы жас буын өкілдерінің табиғатты қорғауға бағытталған бастамаларын қолдау және олардың азаматтық белсенділігін арттыру. Бүгінге дейін «Таза Қазақстан» акциясы аясында суретшілер байқауы бір мәрте ұйымдастырылған еді. Бұл жастар үшін үлкен шабыт сыйлайды», — дейді шараға ұйытқы болған Алматы облысы жастар ресурстық орталығының бөлім басшысы Әкежан Қабдолаев.
Шара бірнеше сағатқа жалғасты. Жас суретшілер ашық аспан астында қоршаған ортаны, Қапшағай көлінің толқындарын суреттеп, қағаз бетіне түсірді. Туындылары үздік деп танылған жас суретшілер Алғыс хатпен марапатталып, бағалы сыйлықтарға ие болды.
Айта кетерлігі, биыл «Таза Қазақстан» аясында облыстық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен 200-ге жуық шара өтті. Оған 8 000-ға жуық жас тартылған.
Алматы облысы жастар ресурстық орталығының баспасөз қызметі