Жетісу облысы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Назарбаев Зияткерлік мектебі директорының оқу-ісі жөніндегі орынбасары Қайсар Нұрбек конкурс, оқу процесінің ерекшеліктері және мектепте білім алудың артықшылықтары туралы толық ақпарат берді.
Баспасөз-мәслихаты барысында 2025 жылдың 8 қаңтарынан бастап 6-сынып оқушыларынан құжаттарды қабылдау басталғаны белгілі болды. Өтінімдерді тапсыру мерзімі 11 ақпанға дейін жалғасады.
Үміткерлер үшін кешенді тестілеу 27-28 наурыз күндері өтеді.
• Бірінші күні жаратылыстану-математика бағыты пәндерін меңгеру қабілеттерін бағалауға арналған тестілеу өткізіледі. Пәндер: «Математика», «Сандық сипаттамалар», «Жаратылыстану».
• Екінші күні қазақ, орыс және ағылшын тілдері бойынша білім деңгейі тексеріледі.
Әр күнге тест тапсыру уақыты – 120 минут. Тестілеудің нәтижелері www.nis.edu.kz сайтында жарияланады. Ақпарат соңғы тестілеу аяқталған күннен бастап 40 күнтізбелік күннен кешіктірілмейді.
Назарбаев Зияткерлік мектептерінде білім беру процесі «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының NIS-Programme білім беру бағдарламасы бойынша жүзеге асырылады. Бұл бағдарлама бүгінгі таңда халықаралық стандарттарға сай қазақстандық білім бренді ретінде мойындалған.
Зияткерлік мектептердің 12-сынып түлектерінің сертификатын әлемнің жетекші жоғары оқу орындары мойындайды. Бұл құжат бакалавриат бағдарламаларына тікелей түсуге мүмкіндік береді. 2010 жылдан бері Назарбаев Зияткерлік мектептерін 948 түлек аяқтады. Олардың 183-і Назарбаев Университетіне, 151-і АҚШ, Ресей, Германия, Түркия, Оңтүстік Корея, Венгрия, Чехия, Қытай және басқа да елдердің үздік жоғары оқу орындарына түсті.
Қажетті құжаттардың тізімі, тапсырмалардың үлгілері және басқа да толық ақпарат www.nis.edu.kz сайтындағы «Оқуға қабылдау» бөлімінде жарияланған.