Бұл туралы Жетісу облысы Полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы басшысының орынбасары Эмиль Шарменев Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында мәлімдеді.
«Неліктен біз жас буын қалташыларды түрмеден босатқымыз келеді? Өйткені олар түрмеде бір-бірімен тәжірибе алмасып, келіссөздер жүргізе бастайды. Бұл бізге не үшін керек? Есірткі қылмысын жетілдіру үшін бе?» — деп атап өтті спикер.
Жақында Қылмыстық кодекске енгізілген өзгерістер есірткі қылмыстарына қатысты жауапкершілікке елеулі түзетулер енгізді.
Енді есірткі сатушыларға («қалташыларға») жеңілдетілген жазалар қарастырылған:
- есірткіні аз мөлшерде сату — 5 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру,
- ірі мөлшерде — 6 жылдан 10 жылға дейін,
- аса ірі мөлшерде — 7 жылдан 12 жылға дейін.
Бұл өзгерістер қылмысты алғаш рет жасаған жастарға түзелу жолына түссе, мерзімінен бұрын бостандыққа шығуға мүмкіндік береді. Заң сондай-ақ шартты түрде мерзімінен бұрын босату (ШМБ) немесе қалған жазаны жеңілдетілген шараларға (айыппұл, бас бостандығын шектеу) ауыстыру мүмкіндігін енгізеді.
Сонымен қатар, есірткі бизнесін ұйымдастырушыларға, есірткі өндірушілерге және лауазымды тұлғаларға қатысты жауапкершілікті күшейтетін жаңа бап енгізілді. Оларға 15 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.