Жетісу облысы өзінің табиғи байлығымен және ерекше қорғалатын табиғи аумақтарымен экотуризмді дамытуда үлкен әлеуетке ие. Өңірде экологиялық туризмді ілгерілету бағытында нақты жобалар мен жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бұл туралы «Жетісу» туристік ақпараттық орталығы басшысының орынбасары Мейрамбек Капасов мәлімдеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылғы 14 наурызда өткен Ұлттық құрылтай отырысында туризмді экономиканың маңызды секторы ретінде атап өтіп, биологиялық әралуандықты қорғаудың маңыздылығына ерекше тоқталған болатын. Осыған орай, өңірде экологиялық туризмге басымдық беріліп отыр.
Бүгінде облыс аумағында экотуризм бағытында негізгі жұмыс жүргізіліп жатқан аумақтар: «Алтын Емел» және «Жоңғар-Алатауы» мемлекеттік ұлттық табиғи парктері, сондай-ақ «Алакөл» мемлекеттік табиғи қорығы.
2023 жылы ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұра тізіміне енгізілген «Алтын Емел» ұлттық паркіне келушілер саны 2022 жылмен салыстырғанда екі есеге жуық өсті. Атап айтсақ, 2022 жылы – 12 136, 2023 жылы – 14 521, 2024 жылы – 23 420 адамға жеткен.
Парктің туристік инфрақұрылымы да дамып келеді. Басши ауылында екі ұлттық және төрт жеке қонақ үй, төрт шатыр тігу алаңы бар. Сонымен қатар 2023 жылы жеке инвестиция арқылы құрылған құны 2 млрд теңге болатын жаңа «Altynemel» визит-орталығы пайдалануға берілді.
Мұнда жыл сайын «Алтын Емел – құландар мекені» атты сафари-фестиваль өтеді. Оның аясында келушілерге 5000-нан астам қарақұйрық пен 3700-ге жуық құланның популяциясын тамашалауға мүмкіндік беріледі.
Жоңғар-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде экологиялық бағыттағы 17 туристік маршрут әзірленген. Соңғы үш жылда парк аумағына 1,5 млрд теңгеге жуық жеке инвестиция тартылып, 6 ірі жоба іске асырылды.
Парк аумағында жыл сайын «Сиверс алмағашының гүлденуі» фестивалі өтеді. Оның мақсаты – Жетісу өңірінің брендіне айналған, әлемдегі барлық алмалардың атасы саналатын Сиверс алмасын сақтау және таныту.
Айта кетейік, Жасылкөлге жақын орналасқан Лепсі ауылы биыл «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы ұйымдастырған «Үздік туристік ауыл» байқауында жеңімпаз атанып, енді халықаралық деңгейде бақ сынайды.
Алакөл қорығында қазіргі таңда «Кіші Аралтөбе» атты жаңа туристік маршрут әзірленіп, жақын арада іске қосылмақ. Сонымен қатар жыл сайын ұйымдастырылатын «Алакөл қанаттылары» фестивалі реликті шағалалардың ұя салу процесін тамашалауға мүмкіндік береді.
Ал Балқаш көлі маңында экологиялық мәселелерге назар аудару мақсатында «Climate can’t wait» («Климат күте алмайды») атты экологиялық спорттық акция өткізіліп тұрады. Бұл шараны Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығы мен француз спортшысы Эстель Пейен ұйымдастырып келеді.
Экомәдениетті қалыптастыру – басты міндет.
Экотуризм тек туристерді тарту емес, қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастырумен де тікелей байланысты. Жетісу облысында «Таза Қазақстан», «TazaLike», ақпараттық турлар, ағаш отырғызу, браконьерлікке қарсы шаралар жүйелі түрде ұйымдастырылуда.
Жетісу өңірі табиғи байлығы мен тарихи құндылықтары арқылы экотуризмді дамытуда үлкен қадамдар жасауда. Табиғатты сақтау – тек билік пен ұйымдардың ғана емес, әр азаматтың ортақ міндеті. Экотуризм – табиғатқа деген жауапкершілік пен мәдениеттің көрсеткіші.
«Қоқыстар қайта-қайта тазаланатын жерде тазалық болмайды, қоқыс тастамайтын жер таза» деген халық даналығы – бүгінгі экологиялық саясаттың негізгі қағидасына айналуы тиіс», – деді Мейрамбек Капасов.