Қоғам

Алматы облысында 5 мыңдай аманат етілген әлемдік мұра жойылып кету қаупінде тұр

Бұл туралы «AMANAT» партиясы жанындағы облыстық Партиялық бақылау комиссиясының отырысында талқыланды. Жиынға тарихшылар, экологтар, қоғам белсенділері және мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.

«Охотники за петроглифами» ҚБ директоры Ольга Гумированың айтуынша, Аққайнардағы 5 мыңға жуық ежелгі суреті бар тарихи ескерткішке жойылу қаупі төніп тұр. Ол мемлекет тарапынан қорғау шаралары қажет екенін атап өтті.

«Бұл жердегі петроглифтер толыққанды зерттеліп біткен жоқ.  Біз тарихи мұра нысандарын тіркеу және қорғау жұмысын жеңілдету мақсатында заңнамаға тиісті өзгерістер енгізуге бастамашылық жасамақпыз. Ежелгі суреттерді зерттеу барысында осы өңірді мекендеген тайпалардың дәстүрі мен мәдениеті қалай өзгергеніне көз жеткіздік. Бірақ, дәл қазір Аққайнар таңбалы тас кешеніне қауіп төніп тұр», – деді Ольга Гумирова.

Сонымен қатар, облыстық мәслихат депутаты Қуат Байғоджаев тарихтан сыр шертетін құнды мұра, өкінішке қарай, вандализм мен қоқыс алаңына айналып бара жатқанын айтты. Петроглифтердің жойылуына әскери қызметшілер де себеп болып отыр.

«Кешен іргесінде әскери полигон орналасқандықтан, сарбаздар таңбалы тастарды бояп, оғаш ойларын жазып кетеді. Өңірдегі басқа да петроглиф тек шалғайда орналасқандықтан ғана бүгінге дейін бүлінбей жетіп отыр. Біз бірінші кезекте Аққайнар кешенін тарихи-мәдени мұра нысандары тізіміне енгізуді талап етеміз. Бұндай мәселені бізге жеткізіп, дабыл қаққан «Охотники за петроглифами» қоғамдық бірлестігіне алғысымызды айтамыз. Бұл нысан алдағы уақытта партияның жіті бақылауында болмақ», – деді ол.

Бұл ретте, Жамбыл ауданына қарасты Мәтібұлақ ауылдық округінің әкімі Темірхан Мукеев Аққайнар кешені ешқандай қорғауға алынбағанын және «Таңбалы тас» қорық музейінде тіркелмегенін айтты.

Оның айтуынша, мәдени мұраны қорғайтын ешқандай мүмкіндік жоқ. Оны химиялық еріткіштермен де, ацетонмен де сүртіп көрген. Алайда, жаман жазуларды өшіре алмаған. Қолдан келер шара – тек сенбілік ұйымдастыру, дейді.

Округ әкімі осы мәселе бойынша қыркүйек айында облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау жөніндегі орталыққа хат жолдаған. Одан бері екі ай уақыт өтсе де, мамандар жауабын әлі жолдамаған.

Жиын соңында облыстық туризм басқармасы мен өңірлік экология департаментіне құқық бұзушылықтар орын алған жағдайда, дереу әкімшілік жауапкершілік тағайындау тапсырылды. Сондай-ақ, облыстық мәдениет басқармасына жыл соңына дейін Аққайнар шатқалын облыстық тарихи-мәдени объектілері тізіміне енгізу жүктелді.

Айта кетейік, бұған дейін аманаттықтар Іле жағалауындағы «Таңбалы тас» шатқалында экоакция өткізді. Олар аталған кешенде 100-ден аса қап қоқыс шағарды. Алдағы күндері белсенділер Аққайнар кешеніне барып, сенбілік өткізуді жоспарлап отыр.

Related Posts

Қоғам

Талдықорғанда жаңадан мектептер салынбақ

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру шеңберінде 2023-2025 жылдары Талдықорған қаласында 3600 орынға есептелген 3 мектеп салу жоспарланған. Қазір мектеп тапшылығын сезініп отырған Көктал шағын ауданының тұрғындары үшін 1200 орындық
Жетісу облысы

Талдықорғанда шинкиокушинкай каратэдан әлем және Азия чемпионы Мерей Суюнов өз таңдауын жасады

Еліміздің айбынын әлемдік додаларда танытып жүрген даңқты жерлесіміз Мерей Суюнов қаламыздағы Талдықорған сервис және технология колледжінде орналасқан №390 дауыс беру учаскесіне келіп, кемел келешек үшін дауыс берді. «Бүгін мен үшін
Жетісу облысы

Жетісудағы меншікті басқару: ашықтық және нәтижелілік

Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз мәслихатында Жетісу облысының қаржы басқармасы басшысының орынбасары Бақтияр Қамзин коммуналдық меншікті басқару саласындағы жұмыс нәтижелерімен бөлісті. Спикердің айтуынша, объектілерді сенімгерлік басқаруға беру процесі ашық күйінде қалып,
Қоғам

Қонаевта рұқсат етілмеген жерде сауда жасағандарды жазалап жатыр

Қонаев қаласының тұрғындары Абай көшесінің бойында саудамен айналысатындарға жиі шағымдануда. Олардың айтуынша, саудагерлердің тығыз орналасуынан аяқ алып жүруге мүмкін емес әрі жәшіктер мен арнайы контейнерлер үнемі қоқысқа толып, шіріген жеміс-жидектің