News

Ауыл медицинасының әлеуеті артып келеді

Алматы облысында 1 млн 500 мыңнан астам халық бар. Олардың 80 пайыздан астамы ауылдық жерде тұрады. Аймақта ауыл медицинасының ахуалы күн санап жақсарып келеді. Мәселен, Қарасайға қарасты Елтай ауылдық округіндегі алғашқы медико-санитарлық көмек беру орталығы 27 мың 300-дей тұрғынға сапалы медициналық қызмет көрсетеді. Мұндай мүмкіндіктерге міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің енгізілуі сеп болды, — дейді мекеме меңгерушісі.                                                                                                                                                                                                                                                             

«МӘМС жүйесінің іске қосылуы ауыл тұрғындарына көрсетілетін медициналық көмектің сапасын едәуір жақсартты. Аурухананың материалдық – техникалық базасының жаңаруымен қатар, бұрын соңды ауылдық емдеу мекемелерінде болмаған бейінді мамандар қызметі қолжетімді болып отыр. Мәселен, 2024 жылдан бастап біздің орталықта кардиолог, травматолог, неврапатолог бейінді сала дәрігерлері қабылдау жүргізеді. МӘМС аясында емдеу мекемелерінің бәсекеге қабілеттілігі артып, дәрігерлердің біліктілігін арттыруға мүмкіндіктері кеңейді. Тағы бір қуантарлығы, келер жылы Қаратөбе ауылына фельдшерлік акушерлік пункт салынады», — дейді Елтай алғашқы медико-санитарлық көмек беру орталығының меңгерушісі Алишер Сержанұлы.

Орталық меңгерушісінің айтуынша, биыл Елтайда тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және МӘМС шеңберінде 25000-ға жуық қызмет көрсетілген. Медициналық көмек қатарында скриниг, күндізгі стационарда емделу, оңалту, портал арқылы ауруханада стационарлық ем алу, әлеуметтік маңызы бар аурулар бойынша тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, бейінді мамандардың кеңесі мен клиника-диагностикалық зерттеулер мен МРТ, КТ, УЗД секілді тексерулерден өту бар.