Этикалық нормалар қызметте жүрген әр жанға ортақ. Сала мен лауазымды таңдамайтын баршаға бірдей заң жүйесі төтеншеліктерді де айналып өтпейді. Бұл туралы Алматы облысы өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз-мәслихатында айтылды.
Мемлекеттің мүддесі үшін еңбек ететіндерге қойылар талап қашанда жоғары. Өйткені, оның әр басқан қадамы қарашаның жіті назарында. Сынның садағына ілінбеу үшінде әдептен озбау керек дейді, жауаптылар.
«Мемлекеттік қызметші имиджінің тұтастығы жоғары кәсіби және жеке құзыреттер, моральдық-адамгершілік қасиеттер мен әдептілік мінез-құлық көріністеріне негізделген. Әдеп Кодексінде мемлекеттік қызметшілер қоғам мен өз ісіне адал болуы, әділдік пен ашықтықты сақтауы тиіс деп жазылған»,-деді ҚР ТЖМ Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Алматы облысы бойынша Департаментінің әдеп жөніндегі уәкілетті тұлғасы Арман Хасенұлы.
Бас құжатта бұдан бөлек, әріптестеріне құрмет көрсетуде ашып айтылған. Бұл тұста һәкім Абайдың «ортаға біліміңмен емес, мінезіңмен сиясың» деген сөзі ойға оралады. Расында, тәртіп болмаған жерде түпкілікті нәтиже болуы екі талай.
Спикердің сөзіне сенсек, ҚР ТЖМ Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Алматы облысы бойынша Департаментінде ішкі әдеп нормаларын сақтау мақсатында жүйелі жұмыстар атқарылады екен. Мәселен, дөңгелек үстелдер мен сауалнамалар жүргізіліп, ішкі мән-жай тұрақты бақылауда. Соған қарамастан, өткен 2023 жылы Департаменттің екі бірдей қызметкері әдеп нормаларына бағынбай, шектен шыққаны анықталған.
«Былтыр этикалық нормалар сақталмаған екі жағдай орын алды. Кінәлілер тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Биыл жыл басынан ешқандай заңға қайшы істер тіркелген жоқ»,-дейді әдеп жөніндегі уәкілетті тұлға Арман Сагимбаев.
Қызметкерлердің мінез-құлқын назарға алатын маманның айтуынша, егерде жоғарыда аталғандай тәртіп бұзушылық қайталанған жағдайда қызметкерлерге жаза мен шара қолдану мекеме басшысының құзыретінде екен.
Жалпы, этикалық нормалар мінез-құлықты анықтайтын белгілі бір ержелер жиынтығы. Ережені елемей, жүгенсіз кету жөн емес, себебі, мемлекеттік қызметші-мемлекеттің айнасы!