Жаңалықтар

Алматы облысы әкімінің «Заңғар-2024» жастар сыйлығына өтінім қабылдау басталды

Алматы облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасы
“Заңғар-2024”жастар сыйлығына өтінім қабылдауды бастады, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Облыстың дамуына үлес қосып, өз саласында озық шыққан жастарды марапаттау мақсатындағы бұл байқау жас буынға зор қолдау көрсетуді көздейді.

«Заңғар-2024» сыйлығына қатысуға өңірдің кез келген 14-35 жас аралығындағы белсенді жастары шақырылады. Байқау әртүрлі салаларды қамтып, үздік мемлекеттік қызметкер, дәрігер, ұстаз, спортшы, журналист, кәсіпкер, өнерпаз, волонтер, жастар ісінің әдіскер-нұсқаушысы және кәсіби маман секілді аталымдар бойынша жеңімпаздарды анықтайды. Әр аталым бойынша талаптар қатал, үміткерлердің кәсіби жетістіктері, қоғамдық қызметке қатысуы, сондай-ақ өңірге қосқан нақты үлесі жан-жақты бағаланады.

«Ең үздік атанған жастар облыс әкімінің қолынан дипломдар мен ақшалай сыйақы алады. Бұл сыйлық – жастарды қолдап, олардың қоғамдағы орнын айқындауға бағытталған маңызды шара», -деді Жастар ресурстық орталығының директоры Мақсат Кенешев.

Өтінімдер 13 қарашадан 3 желтоқсанға дейін қабылданады. Қатысушылардан барлық қажетті құжаттарды толық жинақтап, кәсіби портфолио ұсыну талап етіледі. Байқау қорытындысында қазылар алқасы үміткерлердің жұмыс тәжірибесі мен әлеуметтік маңызы бар үлестерін сараптап, үздіктерді анықтайды.

Айта кетейік, Алматы облысының «Заңғар» сыйлығы екі жыл қатарынан ұйымдастырылып келеді. Байқау ережелерін толығырақ @almobl_jastary парақшасынан білуге болады.