Жаңалықтар

Алматы облысында «AMANAT» партиясының үздік қоғамдық қабылдау бөлмелері анықталды

Алматы облысында үздік қоғамдық қабылдау бөлмелері анықталды. Байқау қорытындысы бойынша Іле аудандық филиалы жеңімпаз атанды. Енді олар республикалық кезеңге жолдама алды.

Өңірде «AMANAT» партиясының үздік қоғамдық қабылдау бөлмесі» байқауы өтті. Бұл шара партияның қоғамдық қабылдау жүйесін жетілдіру және халықпен жұмысты нығайту мақсатында ұйымдастырылды.

Жеңімпаз атанған Іле аудандық филиалы халықтың өтініштерін қарау жылдамдығы, тұрғындармен кері байланыс және құқықтық көмек көрсетудегі белсенділігімен ерекшеленді.

«AMANAT» партиясы Алматы облыстық филиалының атқарушы хатшысы Ерлан Жакуповтың айтуынша, қоғамдық қабылдаулар халықтың сеніміне ие болуы тиіс.

«Қазір бұқара мәселелерін шешу үшін бірінші кезекте «AMANAT» партиясына жүгінеді. Біздің қоғамдық қабылдаулар ашық болуы өте маңызды. Халықтың айнасы іспетті болуымыз керек. Аймақтағы мәселелерді сіздер арқылы білеміз. Сондықтан да есік қағып келген әр тұрғынның мәселесіне құлақ түріп қана қоймай, оның шешілуін аяғына дейін қадағалау керек. Халықтың сенімі-бұл партияның ең басты мақсаты», – дейді Ерлан Жакупов.

Байқау барысында екінші орынды Еңбекшіқазақ аудандық филиалы, үшінші орынды Кеген аудандық филиалы иеленді. Оларға арнайы алғыс хаттар мен марапаттар табысталды.

Айта кету керек, өткен жылы Алматы облысында 4 мыңнан астам адам «AMANAT» партиясының қоғамдық қабылдау бөлмелеріне өтініш қалдырған. Олардың 70%-дан астамының мәселесі оң шешімін тапты.

Тұрғындар тұрғын үй, жер мәселелері, сот даулары және әлеуметтік көмек бойынша жиі өтініш білдірген. Бұл мәселелердің шешілуіне партияның «Құқықтық көмек» партиялық жобасы да үлкен үлес қосты.