Қоғам

Алматы облысында тұрғын үйдің пеші жарылып 82 адам жылусыз қалған

9 желтоқсанда күндізгі сағат 12:41-де Кеген ауылындағы көпқабатты 32 пәтерлік тұрғын үйдің от жағу ғимаратының ішінде орналасқан «BURAN boiler» пеші жарылып, тұрғын үйдегі жалпы 82 адам (41 жасөспірім, 41 ересек) жылусыз қалды.

Көпқабатты тұрғын үйдің пешін қалпына келтіру жұмыстары дереу қолға алынды. Алматы облыстық төтенше жағдайлар департаментінің арнайы жасағы, аудандағы барлық арнайы қызмет көрсететін мекемелер оқиға орнына дер кезінде келіп, жұмыстар жүргізді.

Пешті қалпына келтіру жұмыстарына ТРЭКОЛ, ГАЗ-66 «Кунг», Камаз АЦ 8-70, Урал 5.5-40, Зил 2.5-40, Kamaz базасындағы вахталау, көп мақсатты өрт сөндіру көлігі (АПМ), Toyota Hilux және УАЗ техникалары жұмылдырылды. Нәтижесінде көп қабатты тұрғын үйдің тұрғындарына пеш ауысқанға дейін қосымша жылумен қамтамасыз етілді.

Қазіргі уақытта Алматы қаласынан тұрғын үйге қуаттылығы 270 квт болатын қатты отынмен жылытатын KT-270 маркалы пеш сатылып алынып, арнайы мамандандырылған бригаданың көмегімен монтаждау жұмыстары толық аяқталып 10 желтоқсанда сағат 17:00-де 32 пәтерлі 4 қабатты тұрғын үйде штаттық режимде жылу берілді.