Күні кеше Б.Римова атындағы Талдықорған драма театрында осы жылдың кезекті премьерасы көрермен назарына ұсынылды. Жәнібек Әлікеннің «Күйеу бала» шығармасының желісі бойынша сахналанған «Қазақтың тойы бітпесін» қойылымы өзіндік жаңашылдығымен көзіқарақты көрерменнің көңіліннен шықты.
Бұл қойылымда талқыланатын тақырып, өзекті мәселелер көп. Әр көрермен өзі түсіне алатын тақырыпты, өзіне жақын өзектілікті таңдап алады.Режиссер қойылымды ұсына отырып, қазақ жігіттеріне барынша үндеу тастаған.
Әр қазақ қызына өзіміздің қарындасымыз немесе әпкеміз ретінде қарамасақ, ертең талан-таражға салынып, қазақ намысын қорғайтын ұрпақ қалыптаспауы мүмкін деген үндеу болды. Қазақ жігіттеріне орнынан тұрып, алға қарай қозғалып, өз ұлтына және өз болмысына жанашырлықпен қарап, тек бүгінгі күн үшін емес, болашақтың қамы үшін жанпида етуді астарлап жеткізген.
Спeктакль драма жанрында болғанымен, онда комедия элементтері көп. Мысалы, ауыл әйeлдерінің әңгімeлері мен әзілдері көрерменді күлдірмей қоймады.
Автор аралас неке мәселесімен қоса, актуалды біраз тақырыптарды көтереді. Мәселен, өскелең ұрпақ тәрбиесі, ұлттық құндылықтар, ауылдың азып-тозуы, тіпті экономикалық мәселелер де қалыс қалмаған.
Жақынын жатқа қимаған қазақтың бүгінгі тәрбиесімен, махаббатын өзге ұлттан іздеген қазақ қызының таңдауы қазіргі қоғамның шынайы бейнесі. Драманың ой салар біршама тұсы бар.Қоюшы режиссер Данияр Базарқұловтың еңбегі ақталған секілді. Қаракөз қыздарымыз бен жігіттеріміз осы қойылымнан ой түйетініне күмән жоқ.