News

Балқаш ауданы: Жыл сайын «Аңсаған сәби» бағдарламасына жүгінетіндер саны артып келеді

Сәби сүйгісі келетіндер көп. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің игілігі мол ​​​​«Аңсаған сәби» бағдарламасы талай шаңыраққа үміт сыйлап отыр. Бұл туралы Балқаш аудандық орталық ауруханасының бас акушер-гинекологы мәлімдеді. Айтуынша өңірде жылдан-жылға экстракорпоральды ұрықтандыру арқылы сәби сүйгісі келетін жұптардың қатары көбейіп келеді. Айтуынша, бұрын-соңды экстрокорпоральды ұрықтандыру үшін тегін квота алуға ауруханаға 7-8 балқаштық әйел жүгінсе, кейінгі жылдары олардың саны 13-ке дейін жетіп, жобаның шарапатын көрген.

«Бұл бағдарлама бедеулікке шалдыққан отбасыларына арналған. Құны миллион теңгеден асатын ем-шараны ауыл тұрғындары МӘМС есебінен еш қиындықсыз алып отыр. «Аңсаған сәби» жобасының балалары жыл сайын артып, бүгінде олар осы Балқаш өңірінде өсіп жатыр. Экстрокороральды ұрықтандыру процесі тек Алматы қаласында жүргізіледі. Оған дейінгі тексерулер біздің ұйымда жасалып жатыр. Оңалту шаралары, кейбір диагностика эко орталықта өтеді. Алдымен онда әйелді толық емдейді. Биыл әзірге портал арқылы 8 әйел жіберілді. Отбасылар мұндай мүмкіндікке дән риза. Олар әрдайым біздің дәрігерлердің бақылауында», — дейді Майраш Қоразбаева.

Экстрокорпаральды ұрықтандыру жасау — бұл ең соңғы шешім. Мүмкіндігінше азаматтарға профилактика керек, жыныстық жолмен берілетін инфекцияларға алдын алу керек. Дұрыс насихат та маңызды. Дұрыс тамақтану, салауатты өмір салтын сақтау – дәрігер кеңесі.

20 жылдан бері әйелдерді емдейтін тәжірибелі дәрігердің айтуынша, Балқаш өңірінде жыл басынан келіншектерге 170 гинекологиялық ота жасалған. Лапароскопиялық ем де қолжетімді екен. Айтуынша, жыл сайын мекеме қажетті медициналық заманауи құрылғылармен қамтамасыз етіліп келеді.

«Организмде бұлшық ет тінінде пайда болатын қатерсіз ісік жатыр миомасы, аналық без кистасының «айналуы немесе оралуы»,  аналық бездің өсуі, жатыр денесінің ірі миомасы, жатыр түсуіне қатысты түрлі күрделі оталар жасалады. Жүктіліктің асқынуынан болатын қалыпты орналасқан плацентаның толық бөлінуінен қан кету болып, біз науқасты аман алып қалған қиын жағдайлар да болды. Әйелдер арасында жиі кездесетін жатыр мойнының ауруларын да емдеп жаырмыз. Балық ем-дом шұғыл жағдайда ТМККК шеңберінде, жоспарлы түрде МӘМС аясында жүргізіледі. Сақтандыру мәртебесіне қарамастан барлық тұрғынға санитарлық авиация қолжетімді. Екі жағдайда біз бұл мүмкіндікті пайдаландық. Облыстық клиникалық көпсалалы ауруханасына ауыр хәлдегі азаматтарды тасымалдау жүргізілді. Бірі жол-көлік оқиғасына, екінші жағдай коматоздық күйге түскен науқасқа байланысты болды», — дейді акушер-гинеколог.

Мамандар урологиялық аурулардан сақтану үшін – салауатты өмір салтын ұстану керек, жыныстық қатынас арқылы берілетін жұқпалы аурулардан сақтану үшін профилактикалық шараларды ескеру керектігін баса айтады.

«Біздің бөлімшеге келген науқастарға алдымен осы зерттеулерден өткіземіз. Өзіміздегіден бөлек «ОЛИМП» клиникалық диагностикалық зертханасына тегін жіберіледі. Барлық жұқпалы ауруларға, оның ішінде адам папилломасы, цитомегаловирус сынды вирустарды қараймыз. Жүкті әйелдер болса 4 түрлі ауруға, Токсоплазмоз, цитомегаловирус, қызамық, герпесті вирусқа тексеріледі. Ары қарай анықталған жағдайда ем тағайындалады», — дейді Майраш Қоразбаева.

Дәрігерлердің сөзінше, Балқаш өңірінде туу көрсеткіші жоғары. Қазірде жүктілік реестрінде 222 әйел тіркеуде тұр. Жыл басынан 200-ге тарта әйел босанып, өмірге сәби әкелген. Олардың қатарында қос егіз бар. Мұның барлығы Балқаш аудандық ауруханасының базалық-техникалық жағдайының жақсаруы мен дәрігерлер біліктілігіне тікелей қатысты болып отыр.

 

ӘМСҚ Алматы облысы бойынша филиалының баспасөз қызметі