Жаңалық

Балқаш ауданында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күшейтілуде

Ауданда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес және құқықтық мәдениетті дамыту мақсатында кең ауқымды іс-шаралар өткізілді

Балқаш ауданында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, құқықтық мәдениетті қалыптастыру және қоғамда адалдық қағидаттарын нығайтуға бағытталған бірқатар ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылды. Бұл жұмыстар «Балқаш аудандық ішкі саясат бөлімі» мемлекеттік мекемесінің тапсырысымен, Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің қолдауымен және «PARYZ еріктілері» жастар қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен жүзеге асырылды.

Фото: «PARYZ еріктілері» ЖҚБ

Әлеуметтік тапсырыс аясында аудан тұрғындары арасында құқықтық мәдениетті дамытуға бағытталған 10 кездесу өткізілді. Жиындарға Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Мамыт Айдос пен Балқаш ауданының әкімі Азат Құтпанбетов қатысты. Олар мемлекеттік қызметкерлермен, медицина, білім беру және полиция саласының мамандарымен, сондай-ақ аудан тұрғындарымен кездесіп, жемқорлықтың алдын алу шараларын талқылады.

Аудан жастары арасында «Адал азамат. Ол кім?» тақырыбында дебат ойыны ұйымдастырылды. Ойынға 10 команда қатысып, әділдік пен адалдық жайында өз пікірлерін ортаға салды. Жарыс нәтижесінде бірінші орынды «Ақкөл орта мектебі МДШО» құрамасының «Парасат» командасы жеңіп алды. Екінші орын «Барибаев орта мектебінің» «Жалын» командасына берілді. Ал үшінші орын «Көкжиде орта мектебінің» «Білім шыңындағы» командасына бұйырды.

Фото: «PARYZ еріктілері» ЖҚБ

Сонымен қатар, «Сыбайлас жемқорлықсыз әлем» тақырыбында сурет байқауы және «Әділетті Қазақстан — Адал азамат» эссе жазу байқауының жеңімпаздары да марапатталды. Эссе байқауында Шырын Қуанқызы бірінші орынды иеленсе, Жандәулет Ахат екінші орынға, ал Төлеген Сейтқали үшінші орынға лайық деп танылды. Сурет байқауында Айкөркем Ернатқызы бірінші орынды жеңіп алса, Томирис Нүкүбай мен Мирас Тілеулес екінші және үшінші орындарға ие болды.

«PARYZ еріктілері» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Әділет Айтқазы бұл шаралардың жастар үшін қаншалықты маңызды екенін атап өтті.

Фото: «PARYZ еріктілері» ЖҚБ

«Біз жастардың бойында құқықтық мәдениетті қалыптастыруды және олардың сыбайлас жемқорлықсыз қоғам құруға деген сенімін нығайтуды мақсат еттік. Бұл жобаның аясында 1000-нан астам ақпараттық материал таратылып, 18 тақырыптық баннер орнатылды. Сондай-ақ, әлеуметтік желілерде сыбайлас жемқорлыққа қарсы 4 бейнеролик кеңінен таратылды. Мұның бәрі жастарға адалдық пен әділдік қағидаларын түсінікті түрде жеткізуге бағытталды».

Сонымен қатар, Әділет Айтқазы жастардың белсенділігіне ерекше тоқталды.

«Дебаттар мен шығармашылық байқаулар тек жарыс емес, жастардың өз идеяларын ашық жеткізуіне мүмкіндік беретін алаң болды. Байқаулар барысында қатысушылар өздерінің сыни ойлау қабілеттерін шыңдап, қоғамдағы маңызды мәселелерді терең түсінуге тырысты. Жастардың эсселері мен суреттері олардың шығармашылық қана емес, азаматтық көзқарастарының да жоғары деңгейде екенін көрсетті».

Фото: «PARYZ еріктілері» ЖҚБ

Бұл бастамалар Балқаш ауданында құқықтық мәдениетті дамытуға, сыбайлас жемқорлыққа қарсы тәрбиені нығайтуға және жастардың азаматтық белсенділігін арттыруға үлкен үлес қосты.

 

Related Posts

Жаңалық

Информационное сообщение по размещению агитационных материалов для кандидатов в акимы Жамбылского района

Общие условия предоставления ИП «ALATAU MEDIA» интернет площадей на сайте www.alatau24.kz кандидатам на выборы в акимы Жамбылского района. ИП «ALATAU MEDIA»  - собственник сайта www.alatau24.kz (далее – Сайт) в соответствии
Жаңалық

Алматы облысында МӘМС арқылы 400-ге жуық ота жасалды

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың мүмкіндігі зор. Бұл жүйе аясында Алматы облысы орталығындағы көпсалалы ауруханада жыл басынан бері 400 ге жуық ота жасалған. Жуырда иық артериясы диагнозымен Қонаев тұрғынына операция жасалыпты.
Жаңалық

МӘМС: Алматы облысында 28 мыңға жуық ота жасалды

Алматы облысында биыл МӘМС жүйесі арқылы 27 700-ден астам ота жасалды. Жоғары технологиялық бұл операциялардың басым бөлігі кардиохирургия, нейрохирургия және ЛОР бағытында.Бұл туралы ӘМСҚ Алматы облыстық филиалының директоры Тілеухан Әбілдаев
Жаңалық

Алматы облысында алғаш қолқа қақпағын транскатетер арқылы имплантациялау жасалды

Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасына 1938 жылы туған науқас кеуде тұсының ауырсынуы, ентігу, ісіну, бас айналу сияқты шағымдармен түсті. Дәрігерлер егде жастағы науқасты тексеріп, «аорта қақпағының сыни стенозы» деген диагноз қойды.