ЖаңалықтарЖетісу облысы

Биыл Жетісуда спортты дамытуға 21,8 млрд теңге бөлінеді

Жетісу облысында спорттық инфрақұрылым қарқынды дамып келеді. Өңірде дене шынықтыру және спортпен айналысуға арналған 1099 спорт нысаны жұмыс істейді. 2025 жылы бұл салаға 21,8 млрд теңге бөліну жоспарланған.

Облыста әртүрлі елді мекендерде орналасқан 7 дене шынықтыру-сауықтыру кешені жұмыс істейді:
• Жансүгіров ауылы (Ақсу ауданы);
• Үшарал қаласы және Достық ауылы (Алакөл ауданы);
• Қарабұлақ ауылы (Ескелді ауданы);
• Балпық Би ауылы (Көксу ауданы);
• Жаркент және Текелі қалалары (Панфилов ауданы).

Бұдан бөлек, Алакөл ауданының Лепсі ауылында жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешені мен 180 орындық жатақхана құрылысы жүргізілуде.
Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спортқа ерекше көңіл бөлінуде. Жетісу облысындағы «Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорттық даярлау орталығында» 24 спорт түрі дамып жатыр. 2024 жылдың қорытындысы бойынша, 1519 мүмкіндігі шектеулі адам спортпен айналысты, бұл медициналық қарсы көрсетілімдері жоқ адамдардың жалпы санының 13 пайызы.
Жетісу облысында спортшыларды материалдық қолдау бағдарламасы іске асырылуда. Жарыстарда жоғары нәтижелерге қол жеткізген 78 үздік спортшы ай сайын ақшалай сыйақы алады.