Жаңалықтар

Кеген ауданында 30 отбасы жаңа баспанаға ие болды

Кеген ауданында 30 отбасыға көптен күткен тұрғын үйдің кілттері табысталды.
Жаңа баспаналар көп балалы отбасылар, бюджеттік сала қызметкерлері, 1-2 топтағы мүгедектер және жалғыз басты аналар сияқты әлеуметтік қолдауға мұқтаж жандарға арналды. Бұл мемлекет тарапынан халықтың тұрмыстық жағдайын жақсарту мақсатында қолға алынған маңызды жобалардың бірі болып табылады.

Кілт табыстау рәсімі кезінде аудан әкімі Нұрбақыт Теңізбаев жүрекжарды алғысын жеткізіп, жобаның маңыздылығын атап өтті. «Бүгін біз 71-ші үйдің кілтін табыстап отырмыз. Осылайша, облыс әкімі мен мемлекет басшысының қолдауымен жүзеге асқан жоба ауыл тұрғындары үшін үлкен қуаныш пен қолдау болды. Бұл бастаманың келешекте де жалғасқанын қалаймыз», — деді әкім өз сөзінде.

Жаңа қоныс иелерінің бірі, көп балалы ана Эльмира Нұртаева, қуанышын жасырмай, алғысын білдірді.
«Бүгін біз жаңа үйдің табалдырығын аттадық, бұл облыс және аудан әкімінің зор қолдауының арқасында мүмкін болды. Осы қуанышты сәтті бізбен бөлісіп, аудан әкімдігіне алғыс айтамыз. Үйімізде тек шаттық пен қуаныш болсын, болашақта да жастарға осындай мүмкіндік бұйыра берсін»,- деді Эльмира жүрекжарды қуанышын бөлісіп.

 

Кеген ауданында соңғы бес жылда 71 отбасы жаңа баспанаға қол жеткізіп, бұл аймақтағы әлеуметтік жағдайдың жақсаруына және тұрғындардың тұрмыс сапасының артуына үлес қосып отыр.