Жаңалықтар

МӘМС: 2024 жылы Қорға жиі қойылған сұрақтар

Мәртебесі барлар қатарынан шығып қалу, тегін дәрі-дәрмек беру және медициналық көмек алу кезіндегі пациенттердің құқығы… Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорында былтыр қазақстандықтардың қандай сұрақтарды жиі қойғанын айтып берді.

ӘМСҚ мәлімдегендей, 2024 жылы азаматтар МӘМС бойынша сұрақтармен белсенді жүгінген. Олардың ішінде жиі қойылғандары –мәртебені тексеру, төлем жасау және төленген жарнаны қайтару тәсілдері, дәрі-дәрмек әрі қажетті медициналық көмек алу. Қор МӘМС жүйесінің мүмкіндіктері мен артықшылықтары туралы хабардарлығын арттыру мақсатында тұрақты түрде ақпараттық түсіндіру жұмысын жүргізіп, халық пен медицина қызметкерлеріне оқыту семинарларын ұйымдастырады.
Медициналық көмектің сапасыз көрсетілгеніне, кейбір қызметтердің қолжетімсіздігіне және белгілі бір өңірлердегі маман тапшылығына қатысты шағымдарға баса назар аударылады. Қор медициналық ұйымдармен және денсаулық сақтау басқармаларымен талдау жасап, мәселелерді анықтаумен айналысады.
Сонымен, өткен жылы ең көп қойылған сұрақтарды назарларыңызға ұсынамыз.

1. Мен МӘМС жарнасын төлеймін, сақтандырылғанмын, бірақ қандай медициналық қызметтерді ала алатынымды білмеймін.
МӘМС аясында көрсетілетін медициналық көмек тізіміне (Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 20 маусымдағы № 421 қаулысына сәйкес, «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі медициналық көмекті бекіту туралы») келесі қызметтер кіреді:
— Амбулаториялық деңгейдегі арнайы көмек: профилактикалық тексерулер, бейінді мамандардың кеңесі, созылмалы аурулары бар адамдарды динамикалық бақылау, белгілі бір санаттағы азаматтарға стоматологиялық көмек, диагностика және процедуралар;
— Үйдегі стационар қызметтерін қоса алғанда стационарды алмастыратын жағдайдағы арнайы және жоғары технологиялық көмек, сондай-ақ жоспарлы және шұғыл стационарлық көмек (тәулік бойғы стационарда емдеу, күрделі хирургиялық оталар, күндізгі стационарда ем қабылдау).
— Медициналық оңалту (аурудан, жарақаттан, операциядан кейінгі оңалту);
— Емхана деңгейінде және стационарда көрсетілетін медициналық көмек аясында дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету (диспансерлік есепте тұрған пациенттер үшін).

2. Сақтандырылған мәртебем болмағандықтан, емханада қабылдамай қойды. Мен ауырып қалсам, медициналық көмек ала алмаймын ба?
МӘМС аударымдары мен жарналары түспейтін азаматтар тегін кепілдендірілген медициналық көмектің кепілді көлемі (ТМККК) аясында медициналық қызметтерді ала алады («Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» ҚР Кодексіне сәйкес).
ТМККК ҚР азаматтары, қандастар, босқындар, ҚР аумағында тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ тұлғалар үшін бюджет есебінен көрсетіледі. Оған профилактикалық, диагностикалық және емдік қызметтер, сондай-ақ дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету кіреді.
Нақтырақ айтар болса, медициналық көмектің кепілді көлеміне келесі қызметтер кіреді:
Жедел медициналық көмек;
Алғашқы медициналық-санитарлық көмек;
Амбулаториялық деңгейдегі арнайы медициналық көмек:
АИТВ инфекциясы мен туберкулезді алдын алу және диагностикалау; жарақаттар, уланулар және шұғыл жағдайлар кезінде; әлеуметтік маңызы бар және кейбір созылмалы аурулар кезінде.
Стационарды алмастыратын деңгейдегі арнайы медициналық көмек:
әлеуметтік маңызы бар және динамикалық бақылауға жататын кейбір созылмалы аурулар бойынша.
Стационарлық деңгейдегі арнайы медициналық көмек:
инфекциялық, паразиттік және айналаға қауіп төндіретін ауруларды емдеу; бұл ауруларға күдік болған жағдайда адамдарды оқшаулау және т.б.
— Медициналық оңалту;
— Аурулар тізімі бойынша палликативтік медициналық көмек;
— Қан және оның компоненттерімен қамтамасыз ету;
— Дәрі-дәрмек, медициналық бұйымдар, арнайы емдік өнімдер мен иммунобиологиялық препараттармен қамтамасыз ету.

3. Дәрігерлердің жүктемесі артып, қабылдауға жазыла алмаса, не істеу керек?
Медициналық қызметті күту мерзімі 15 жұмыс күнінен аспауы тиіс. (МӘМС және (немесе) ТМККК шеңберінде денсаулық сақтау субъектілерінен медициналық қызметтерді сатып алу шартының талаптарының орындалуын мониторингтеу қағидаларына сәйкес).
Егер емханада осы мерзімде дәрігерге жазылу мүмкін болмаса, қажет болса, пациентті бірлесіп жұмыс істейтін басқа клиникаға жібере алады.

Егер 15 күннен ұзақ күтетін жағдай болса және пациент басқа клиникаға жіберілмесе, ол пациентті қолдау қызметіне жүгіну керек. Онда пациенттердің шағымдарын қарастырып, мәселелерді шешумен айналысады.
Сонымен қатар, МСАК ұйымдарында «фильтр-кабинеттер» бар. Онда инфекциялық ауруларға күдік болған жағдайда дәрігер қабылдауына алдын ала жазылусыз баруға болады (Қазақстан Республикасында алғашқы медициналық-санитариялық көмекті ұйымдастыру стандартының 110-тармағына сәйкес, ол ҚР Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушының 2023 жылғы 30 наурыздағы № 49 бұйрығымен бекітілген).

4. МӘМС арқылы қажетті дәрі-дәрмектерді қалай алуға болады?
Тегін дәрі-дәрмек белгілі бір аурулар кезінде беріледі. (Қазақстан Республикасының белгілі бір аурулары (жай-күйлері) бар жекелеген санаттағы азаматтарын тегін және (немесе) жеңілдікпен амбулаториялық қамтамасыз етуге арналған дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар тізбесіне сәйкес, ол ҚР Денсаулық сақтау министрінің 2021 жылғы 5 тамыздағы № ҚР ДСМ-75 бұйрығымен бекітілген).
Пациент өз емханасына барып, диагнозын растау үшін тиісті тексерулерден өту керек. Ары қарай пациент диспансерлік есепке алынған болса, ол рецепт бойынша жеке куәлігін көрсетіп, емхана жанындағы дәріханадан тегін дәрілер алады.
Кей жағдайда қажетті дәрі-дәрмектер болмай қалады. Бұл жағдайда, «СК-Фармация» байланыс орталығына 1439 нөмірі арқылы жүгінген жөн.
Бұдан бөлек, «Qoldau 24/7» мобильді қосымшасы, Telegram-дағы @SaqtandyryBot, Қордың https://msqory.kz/ru/ ресми сайты, https://eotinish.gov.kz/ арқылы өтініш қалдыруға болады.

5. Пациентті қолдау қызметі дегеніміз не және ол қалай жұмыс істейді?
Пациентті қолдау және ішкі аудит қызметі медициналық ұйымдар деңгейінде пациенттердің шағымдарын «осы жерде және дәл қазір» қағидаты бойынша жедел шешу үшін қарастырылған. Ол пациенттердің шағымдарын қарастырып, қажет болған жағдайда олардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіруге бағытталған шараларды қабылдайды.
Пациентті қолдау қызметі пациенттердің медициналық қызметтерді алу барысында туындаған жағдайларды реттеумен айналысады. Оған пациенттердің өздері де, олардың туыстары да жүгіне алады.

6. Медициналық қызметкер дөрекілік танытса, қайда жүгіну керек?
Медициналық қызметкерлер өз міндеттерін тиісінше орындамаған жағдайда, әрбір медициналық ұйымда жұмыс істейтін пациентті қолдау және ішкі сараптама қызметіне жүгінуге болады. Бұл қызмет мәселені сол жерде шешуге мүдделі және пациенттердің өтініштерін талдау негізінде медициналық ұжыммен жұмыс жүргізеді.

Шағымды денсаулық сақтау басқармасына да жолдауға болады, өйткені жергілікті атқарушы органдар денсаулық сақтау субъектілерінің қызметін ұйымдастырып, олардың мониторингі мен бақылауын жүргізеді, сондай-ақ өңірді медициналық кадрлармен қамтамасыз етумен айналысады (Қазақстан Республикасының «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексінің 13-бабы 4) және 8) тармақшаларына сәйкес).

7. Дәрігер емханада екпе тағайындап, емшара кабинетіне жіберді. Дәрілерді өзім сатып алдым. Бұл заңды ма?
МСАК ұйымына тіркелген пациенттер белгілі бір препараттармен тегін қамтамасыз етілуге құқылы. Бұл дәрілер емхана арқылы берілетін дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар тізбесіне енгізілген (Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2021 жылғы 5 тамыздағы № ҚР ДСМ-75 бұйрығы). Егер тағайындалған дәрілер мен пациенттің диагнозы осы тізбеге кіретін болса, емхана оларды өзі ұсынуға міндетті.
Егер тағайындалған дәрілер тегін тізімге кірмесе, онда пациент оларды өз қаражатына сатып алады.

8. Учаскелік дәрігердің жолдамасынсыз бейінді мамандарға қаралуға бола ма?
Иә, кейбір жағдайларда бейінді маманға алғашқы буын дәрігерінің жолдамасынсыз жазылуға болады (Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2022 жылғы 27 сәуірдегі № ҚР ДСМ-37 бұйрығымен бекітілген амбулаториялық жағдайдағы мамандандырылған медициналық көмекті көрсету қағидаларының 12-тармағына сәйкес):
1. шұғыл жағдайлар және жарақат алу;
2. стоматологиялық көмек алу үшін жекелеген санаттағы пациенттердің жүгінуі;
3. дерматовенерологиялық бағыттағы ауруларға байланысты бейінді маманға жүгіну;
4. акушер-гинекологқа (жүктілік есебіне қоюдан басқа жағдайларда) және тіркелген жері бойынша психологқа жүгіну;
5. онкологиялық және гематологиялық бейіндегі ауруларға күдік туындаған жағдайда бейінді маманға жүгіну;
6. жастар денсаулық орталықтарына жүгіну (өз еркімен);
7. динамикалық бақылауда тұрған пациенттің бейінді маманға жүгінуі;
8. бір жағдай аясында бейінді маманның қайта қабылдауы, сондай-ақ жаңа түзіліске күдік туындаған жағдайда;
9. көшпелі медициналық кешендер мен медициналық пойыздар қызметін алу.

9. Менен жарналарды төлеуді талап етуде, бірақ мен жеңілдік санатына кіремін. Айтуларынша, мен МӘМС жүйесінде сақтандырылмағанмын.

Егер пациент жеңілдік санатына кіретін болса, оның жарналарын мемлекет төлейді, сондықтан ол өзі ешқандай төлем жасамауы тиіс.
Егер пациенттің мәртебесі болмаса, оның себебін анықтау қажет. Мысалы, күндізгі бөлімде оқитын студент туралы мәліметтер Ұлттық білім беру дерекқорына енгізілмеген болуы мүмкін, сондықтан ол сақтандыру мәртебесін жоғалтқан. Немесе азамат мерзімді әскери қызметтен өткен, бірақ бұл деректер Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына берілмеген болуы мүмкін.
Жағдайды нақтылау және мәртебені жаңарту үшін Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жүгіну қажет.

10. Біздің өңірде белгілі бір медициналық қызметтер бойынша қандай медициналық ұйымдар МӘМС аясында қызмет көрсететінін білуге болады?
Қордың жеткізушілер тізімін ресми сайттағы «Қызмет көрсетушілерге» бөліміндегі «Қызмет көрсетушілер картасы» бөлімшесінен көруге болады. Сондай-ақ, өзіңіздің емханаңызға барып, оның қандай медициналық ұйымдармен тиісті медициналық қызметтер бойынша бірлесіп жұмыс істейтінін білуге болады.