Жаңалықтар

МӘМС медициналық қызметтерге теңдей қолжетімділік ұсынады

Жұмыс берушілер әскери қызметшілер, арнайы мемлекеттік органдардың және құқық қорғау органдарының қызметкерлері үшін аударымдар төлеуден босатылады. Әскери қызметшілер мен арнайы органдардың қызметкерлері туралы мәліметтер «Арнайы есепке алу» ақпараттық жүйесіне енгізіледі. Деректер енгізілгеннен кейін аталған тұлғаларға «сақтандырылған» мәртебесі беріледі. Бұл туралы Алматы облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің Қонаев қаласының төтенше жағдайлар басқармасы өкілдерімен кездесуде «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Алматы облыстық филиалы өкілдері мәлімдеді.

Жиында төтеншеліктерге МӘМС жүйесінің артықшылықтары, пациенттерге мүмкіндігі жіті түсіндірілді.

«Әскери қызметшілер мен арнайы органдардың қызметкерлері отбасы мүшелерін жұмыссыз ретінде тіркеу туралы өтініш бере алады.Мәліметтер «Saqtandyry» ақпараттық жүйесіне енгізіледі. Тексерістен кейін олар сақтандырылған мәртебесін алады. Жалпы МӘМС – жинақтаушы жүйе емес. Жарналар мен аударымдардың мөлшеріне қарамастан, медициналық қызметтерге теңдей қолжетімділік ұсынылады. Мәртебе жоқ адамдар МӘМС пакетіндегі қызметтерді ала алмайды», — деді жиында қордың халықты ақпараттандыру және өтініштерді қарау жөніндегі бөлімнің басшысы Айғаным Санақбаева.

Кездесуде департамент қызметкерлеріне МӘМС қағидаттары, жеңілдікке ие санаттары, халықпен байланыс арналары, пациенттерді қолдау қызметі туралы егжей-тегжейлі түсіндірілді. Биыл Қазақстандағы ең төменгі жалақы мөлшері бұрынғы деңгейде қалатындықтан, МӘМС төлемдерінің көбісі өзгермейді. Айғаным Жақыбекқызы «жалған жазбалармен» бетпе-бет келген жағдайда науқас әрекеті туралы да атап өтті. Айтуынша, мұндай әрекеттер кезінде медициналық ұйымдарға мониторинг жүргізеледі. Қор өз құзыреті шеңберінде нақты көрсетілмеген қызметтерді анықтаған кезде медициналық ұйымдарға қатысты экономикалық ықпал ету шараларын, яғни айыппұл санкцияларын қолдана алады екен. Осындай фактілер үшін Қор медициналық ұйымнан расталмаған қызмет құнының 300% шешіп алады. Бұл қаражат басым бағыттар бойынша медициналық көмекті кейіннен қаржыландыруға жіберіледі.

-«Жалған жазбаларды» азаматтардың өтініштері бойынша анықтауға болады, содан кейін өтініште көрсетілген фактілер бойынша медициналық көмектің сапасы мен көлеміне жоспардан тыс мониторинг ашылады. Айта кетсек,  МӘМС жүйесіне мүмкіндігіне қарай төлем жасаған әр азамат МӘМС бойынша көмек алу үшін жүгінген кезде қажетіне қарай ем алады, тіпті қажет болған жағдайда құны қымбат жоғары технологиялық медициналық қызметтер де МӘМС жүйесінде тегін жасалады. Жүйенің ең басындағы миссиясы  — медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыру арқылы елдің әрбір азаматын күтпеген жерден жоғары шығыстардан қаржылық қорғауды қамтамасыз ету болатын. Қазірде біз бұл мүмкіндіктерді көріп отырмыз», — дейді кездесуде спикер.

Ақпараттық-түсіндіру жұмысы кезінде қатысушылар белсенді болды. МӘМС жүйесі бойынша өздерінің көкейінде жүрген сұрақтарды қойды. Медициналық қызметтердің түрлері, стомотологиялық ем-шараның кімдерге ұсынылатыны, емханаға тіркелу, диагностикалық көмек, жоғары технологиялық оталарға қолжетімділік, жарналар мөлшері туралы сауалдарын қойды. Өз кезегінде қор өкілі тұшымды жауап беріп, ақпараттық кеңес берді. Мамандарға қор туралы мәлімет беретін ақпараттық материалдар да таратылды.

«ӘМСҚ» АЛМАТЫ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ