Алматы облысы әкімінің «Заңғар – 2024» жастар сыйлығының «Үздік жас волонтер» номинациясын биыл «PARYZ» еріктілері» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Айтқазы Әділет Нұрболатұлы жеңіп алды.
Бұл марапат оның еріктілік саласындағы белсенді жұмысын мойындау ғана емес, қоғамды жақсартуға бағытталған нақты бастамаларының жоғары бағасы болды.
Әділет Айтқазының айтуынша, 2024 жыл «PARYZ» еріктілері үшін үлкен жетістіктер мен маңызды шараларға толы болды.
«Биыл біз есірткіге қарсы күресті күшейтіп, Алматы облысының бірнеше ауданында заңсыз жарнамаларды жою бойынша ауқымды жұмыс жүргіздік. Бұл шара аясында 300-ден астам жарнама өшіріліп, 10 мың шаршы метр аумақ тазаланды. Жастар арасында ақпарат тарату мақсатында 1500 парақша таратылып, 50-ден астам ерікті жұмылдырылды. Біз бұл арқылы тек аумақтарды тазартумен шектелмей, жастардың есірткіге қарсы көзқарасын қалыптастыруды мақсат еттік», – дейді ол.
Сонымен қатар, еріктілер су тасқынынан зардап шеккен аймақтарға гуманитарлық көмек көрсетуге де белсене атсалысқан.
«Алматы облысында табиғи апат болмағанымен, біз зардап шеккен өңірлерге көмек көрсетуге міндеттіміз деп санадық. Осы мақсатта 6 тонна гуманитарлық жүк жинап, 1 мың жұп резеңке аяқкиімді жөнелттік. Бұл шарада волонтерлердің ұйымшылдығы ерекше байқалды», – деді ӘділетАйтқазы.
Экологиялық бастамалар да «PARYZ» еріктілерінің назарынан тыс қалмаған.
«Президенттің «Таза Қазақстан» бастамасы аясында біз Қапшағай су қоймасын тазарту жұмыстарын ұйымдастырдық. Бұл шара барысында 5 тонна қоқыс жиналып, 10 шақырым аумақты қалпына келтірдік. Еріктілер тек тазалықпен шектелмей, қоғамда экологиялық жауапкершілікті арттыруға күш салды», – депатап өтті ол.
«AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар рухы» жастар қанатымен бірлесіп, қарттарға көмек көрсетуде негізгі бағыттардың бірі болды.
«Жыл бойы біз көмекке мұқтаж 20-ға жуық қарияның үйіне барып, тұрмыстық жағдайын жақсартуға көмектестік. Сонымен қатар, 10 жалғыз басты қарттың күнделіктіқажеттіліктерін қамтамасыз етіп, олардың өміріне аз да болса жылулық әкелуге тырыстық. Бұл марапат тек менің ғана емес, бүкіл «PARYZ» еріктілерінің еңбегінің нәтижесі. Біз жастардың белсенділігін арттыру және қоғамды жақсарту жолында жұмыс істей береміз», – деді бірлестік төрағасы Әділет Айтқазы.
Айта кету керек, Алматы облысының әкімдігі бұл сыйлық арқылы аймақтағы ең белсенді жастарды ынталандырып, олардың үлгісін қоғамға насихаттауды көздейді.