News

Қарасай ауданында өндіріс көлемі 360 млрд теңгеге жетті

 

Қарасай ауданының экономикалық өсімі қарқынды түрде жалғасуда. Өндіріс көлемі 360 миллиард теңгеге жетіп, бұл өткен жылмен салыстырғанда 4 миллиард теңгеге артық.

Бұл туралы Қарасай ауданы әкімінің орынбасары Рустам Атшабаров баспасөз мәслихатында мәлімдеді. Оның айтуынша, аудандағы ірі инвестициялық жобалар ауданның экономикалық өсуіне елеулі ықпал етуде. Мысалы, «Фокус Логистик» логистикалық кешені 1500 жаңа жұмыс орнын ашып, 30 миллиард теңге көлемінде инвестиция тартты. Сонымен қатар, «КЗТА» құбыр арматурасы зауыты мен «KT&G» темекі өндіру зауыты да ауданның экономикалық дамуына айтарлықтай үлес қосып отыр.

«Біз ауданның экономикалық өсіміне қол жеткізіп қана қоймай, тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға да басымдық беріп отырмыз. Әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу – осының бәрі ауданның тұрақты дамуына ықпал етеді», – деді Рустам Атшабаров.

Сонымен қатар, әкім орынбасары аудандағы инфрақұрылымды дамыту жұмыстарына да тоқталды. Мәселен, Жаңатұрмыс және Қаратөбе ауылдарында су құбырларын жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Қаскелең топтық су құбырының құрылысы жылдың соңына дейін аяқталып, аудан тұрғындары тұрақты сумен қамтамасыз етілетін болады деп атап өтті.

Ауданның газбен қамтылуы да қарқынды жүзеге асырылуда. Қазіргі уақытта 47 елді мекеннің 96%-ы газбен қамтамасыз етілген. Сауыншы ауылын газдандыру үшін 240 миллион теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Бұл жобалар аяқталған соң, ауыл толықтай газбен қамтылатын болады.

Тұрғындарға қолайлы жағдай жасау мақсатында ауданның жолдары да жаңартылуда. Бүгінде 70 шақырым жол жөндеу жұмыстары жоспарланып, оған 2,4 миллиард теңге бөлінді. Сонымен қатар, Алматы-Астана және Алматы-Бішкек автомобиль жолдарында жаңа көпірлер салу жобалары іске асырылуда деп қорытындылады спикер.