ҚоғамМедицина

Қатерлі ісікке қарсы вакцина! Жетісу өңірінде онкодәрігерлер егілу арқылы қатерлі ісіктің өршуінің алдын алуды жоспарлап отыр.

Сүт безінің, жатыр мойнының және асқазанның қатерлі ісігі. Жетісу облысы осы үш онкологиялық аурудың алдын алу ықпалын жасамақ. 9 айдың қорытындысы бойынша өңірде ауруға шалдыққан 6685 адам тіркелді. Оның 1000-ға жуығы қатерлі ісіктер. Аурудың өсуі пайыздық көрсеткішпен 4,2 құрайды. Ауруды залалсыздандыру үшін облыста қандай шаралар жүргізілуде? – облыстық көпсалалы емхана директорының орынбасары Гүлайым Оразбекова осы сұраққа Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында жауап берді.
«Қазіргі уақытта онкологиялық аурулардың алдын алу бойынша кешенді жоспарлардың бірі — вакцинация. Жатыр мойны обырына жасөспірім кезінде қыздарға екпе салу жоспарлануда. Әлемдік тәжірибеде вакцинаны алған және алмаған қыздарды салыстыру деректері бар. Біз бұлмәселені егжей-тегжейлі зерттеп, келешекте облысымызға да енгізуді жоспарлап отырмыз», — деді спикер.
Қатерлі ісіктерді ерте кезеңде анықтау ауруды емдеудегі маңызды қадам. Жалпы скринингтік жоспардың орындалуы Жетісу өңірінде 81,7 пайызды құрағанын айта кеткен жөн. Нәтижесінде жатыр мойны обырының 12, сүт безі обырының 32 жағдайы анықталды.
«Сүт безінің қатерлі ісігі әйелдерде жиі кездесетін қатерлі ісіктердің бірі болып саналады. Бұл онкологиялық аурулардың 16% құрайды. 2022 жылмен салыстырғанда бұл сырқат айтарлықтай көбейген. 40 пен 70 жас аралығындағы әйелдер сүт безінің қатерлі ісігіне скринингтен міндетті түрде өтуі керек. Жыл басынан бізде 30 мыңға жуық әйел тексерілді, оның 4829 ісік анықталды. Аурудың қатерлі ағымы 32 әйелде расталды», — деп түсіндірді Гүлайым Оразбекова.
Сонымен қатар көпсалалы емхана директорының орынбасары емхана денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен қазіргі таңда түрлі бағдарламаларға қатысты барлық құрал-жабдықтарды жаңартып жатқанын жеткізді. Қазіргі уақытта экспорттық деңгейдегі үлкен УДЗ аппараты мен көпфункционалды маммограф жұмыс істеп тұр. Келер жылдың соңында емханаға 4 датчигі бар сараптамалық класстағы ультрадыбыстық аппарат сатып алынады. Бұл көрсетілетін медициналық қызметтің деңгейін жақсартады.