Қоғам

«Қолдан келгенше көмек беруге тырысамыз»: Талғар аудандық мәслихат депутаты есеп берді

«AMANAT» партиясы Талғар аудандық филиалының төрағасы, аудандық мәслихат депутаты Серік Думчибаев БАҚ өкілдеріне депутаттық мандатын алған кезеңнен бастап атқарған жұмыстары жөнінде брифинг өткізді.

Өз кезегінде халық қалаулысы брифингтің негізгі мақсатына тоқталып, фракция мүшелерінің алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі сайлауалды бағдарламаның орындалу барысына тоқталды.

«Партияның Талғар аудандық филиалы халық пен мемлекеттік билік арасында алтын көпір ретінде бүгінгі күннің талабына сай өз жұмысын жалғастыруда. Өткен жылы 300-ге жуық партиялық іс-шара ұйымдастырылды. «Қарызсыз қоғам» жобасы бойынша 1500-ден аса аудан тұрғыны қаржылық сауаттылығын арттырды.

Сонымен қатар ауданда партиялық бақылау бекеттері ашылды. Оны күнделікті партиялық бақылау комиссия мүшелері назардан тыс қалдырмайды. Атап айтқанда қазіргі уақытта ауданда 3 мекеме күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Белбұлақ ауылында №12 мектеп, Нұрада №10 мектеп және Панфилов ауылындағы №4 балабақшанының құрылыс жұмыстарын жіті бақылаудамыз. Нысандар құрылысының белгіленген мерзімде аяқталуына және құрылыс жұмыстарының сапалы орындалуына, сондай-ақ әлеуметтік маңызды мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылуы мен бюджет қаражаттарының мақсатты жұмсалуын назарда ұстап отырамыз.

Біздің мақсатымыз – халықпен тығыз жұмыс жасау. Партиямызды алда үлкен жұмыстар күтіп тұр. Жаңа жобалар, тың бастамалар халық игілігіне жарауы үшін белсенді жұмыстар жалғасын табуы тиіс. Ауданымыздың қоғамдық-саяси өміріне белсене араласып, жаңа бастамаларды жүзеге асыруға атсалысу әрбір елім деген азаматтың парызы деп білемін », – деп атап өтті Серік Думчибаев.

Халық қалаулысының айтуынша, тұрғындарды көбіне үй мәселесі толғандырады. Онымен қоса, жылдап үй кезегінде тұрғандар кезектің жылжымай, кешеуілдеп жатқанын айтып, primary care көмек сұрауда. Су, газ жетіспеушілігіне байланысты наразылықтарын жеткізеді.

«Жағдайы төмен адамдар газ тартуға шамалары жетпейтінін айтып, шағымданады. Оларға қолдан келгенше көмек беруге тырысып жатырмыз. Қыстың көзі қырауда демекші, күн суытқалы тұрғындар отынға тапшы болып жатыр. Шамамыз келгенше бірнеше отбасыға көмір түсіріп бердік», – дейді депутат.

Мұнан соң мәслихат депутаты қоғамдық қабылдау жұмыстары барысында оң шешімін тапқан мәселелерге тоқталып, сондай-ақ үгіт-насихат кезеңінде жергілікті сайлаушылардан келіп түскен талап-тілектердің орындалуы жайында айтып берді.

Айта кетейік, алдағы уақытта фракция мүшелері ай сайын брифингке қатысып, атқарылған жұмыстар жөнінде баяндап, журналистердің сауалдарына жауап беретін болады.