Әлем бойынша, оның ішінде біздің облыста қызылша инфекциясынан эпидемиологиялық қолайсыздық байқалуда. Сырқаттанушылықтың басым көпшілігі қызылшаға қарсы егілмей қалған 5 жасқа дейінгі балалар арасында орын алуда, расталған 367 жағдайдың ішінде 57,2% — 5 жасқа дейінгі балаларға келеді (210 жағдай). Эпидемиологиялық қолайсыздықтың басты себебі екпеден бас тартқан тұрғындардың көбейіп, ұжымдық иммунитеттің төмендеуі болып табылады.
Қалыптасқан жағдайға байланысты Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің №7 қаулысына сәйкес, 2023ж. 06.11. бастап республика бойынша қызылшаға қарсы қосымша жаппай иммундау жүргізілуде. Қосымша иммундауға 6 – 10 ай (әрі қарай 6 айға толатын балалар ай сайын эпид жағдай тұрақтағанша) және 2-4 жас аралығындағы балалар, 55 жасқа дейінгі медициналық қызметкерлер, иммундық статусы жоқ 18 жасқа дейінгі тұрғындар жатады.
Бүгінгі күнге қосымша иммундаумен барлығы 8123 адам қамтылды, иммундауға жататын адам санына шаққанда 15,4% құрады. Соның ішінде 6-10 айдағы 1926 бала, 2-4 жастағы 3913 бала, 2122 медициналық қызметкерлер, 162 иммундық статусы жоқ 18 жасқа дейінгі тұрғындар егілді.
Қызылша инфекциясының алдын алудың жалғыз және ең тиімді жолы вакцинация. Сондықтан қызылшаның таралуын тоқтату және әрі қарай тіркелуін болдырмау мақсатында сырқатқа көп шалдығатын тұрғындар арасында қосымша иммундаудың жүргізілуі өте маңызды.
Қызылшаға қарсы жоспарлы екпе Ұлттық күнтізбеге сәйкес 12-15 айында және қайта егу 6 жаста жүргізіледі. Жыл сайын жоспарлы екпемен иммундауға жататын балалар 95% төмен қамтылмауы тиіс. Бірақ соңғы жылдары әр – түрлі себептерге байланысты (екпеден бас тарту, медициналық қарсы көрсетілімдер, тұрғындардың көшіп – қонуы және басқа себептер) 5-10%-ға жуық тұрғын иммундаумен қамтылмай қалады. Соның салдарынан қызылшаға қабылдағыштығы жоғары, сырқаттанушылықтың таралуына әсерін тигізетін, иммундаумен қамтылмаған тұрғын саны да көбейе береді, ал бірінші кезекте иммундаумен қамтылмаған адамдар сырқатты қабылдағыш келеді.
Қызылшаға қарсы қосымша иммундау тұрғылықты мекен-жайлары бойынша емханаларда жүргізіледі. Тұрғындардың жұмыс уақытына кедергі болмас үшін, емханаларда егу пункттері сенбі, жексенбі күндері жұмыс жасауда. Вакцинация егілушінің денсаулық жағдайы дәрігермен бағаланып, егілетін адамнан келісімі алынып, екпеге рұқсат рәсімделгеннен кейін тек дені сау адамға жүргізіледі.
Вакцинация сұрақтары бойынша облыс және аудан, қала деңгейінде санитариялық – эпидемиологиялық бақылау басқармасы мен медициналық ұйымдарда халықтың өтініштеріне арналған «қауырт желісі» қызмет көрсетеді. Жетісу облысы санитариялық – эпидемиологиялық бақылау департаментіне 872-82-300104, 872-82-309222 байланыс телефондарына хабарласуға болады.
Ал республикалық деңгейде вакцинацияға қатысты сұрақтар бойынша жедел желі 7701 күнделікті сағат 9:00 ден 18:00-ге дейін қызмет көрсетеді. Сонымен қатар egu.kz ресми сайтынан инфекциялық аурулар, вакцинация бойынша пайдалы ақпараттар алуға болады.
Өз денсаулығымен қатар, қоғамның салауаттылығын ойлау әр бір адамның азаматтық борышы.