Әділет департаментінің қызметкерлері жыл басынан бері «Контрафактілікке жол жоқ!» республикалық акциясы аясында Талдықорған қаласындағы ірі сауда орындарына 6 тексеру жүргізді. Нәтижесінде 100-ге жуық контрафактілік өнім сатылымнан алынып, сауда нүктелерінің иелері мен сауда үйлерінің әкімдіктеріне 400 мың теңге шамасында айыппұл салынды.
Контрафактілік өнімдер көбіне әлемдік брендтердің смартфондары, оларға арналған аксессуарлар, парфюмериясы мен косметикасы арасында кездеседі. Қазіргі таңда өңірдегі сауда нүктелерінің барлық тауарларды тексеру физикалық тұрғыдан мүмкін емес. Сондықтан, Жетісу облысы Әділет департаментінің зияткерлік меншік құқығы басқармасының басшысы Елтай Әубәкіровтің айтуынша, контрафакт өнімдерін елімізде саудалаудың алдын алуға басты назар аударылып отыр.
«Біз заңнама талаптары мен зияткерлік меншік құқықтарын түсіндіру бойынша 300-ден астам іс-шара өткіздік. Шара барысында әртүрлі форматтар пайдаланылды. Яғни: әңгімелер, лекциялар, сұхбаттар, бейнероликтер және т.б. Өйткені, ҚР ӘҚБтК-нің 158-бабына сәйкес, бөтен тауар белгілерін заңсыз пайдалану — айыппұл салуға және анықталған өнімді жоюға әкеп соғады», — деп түсіндірді спикер.