Қонаевта Ұлттық домбыра күніне арналған «Домбыра-дастан» фестивалі өтті. Оған Алматы облысының түкпір-түкпірінен мыңдаған музыканттар жиналды.
Белгілі күйші, композитор Секен Тұрысбеков, ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері Мейрамбек Бесбаев пен Нұркен Әшіров сынды аға буын өкілдері домбыра құлағында ойнап, ел арасында кеңінен таралған шығармаларды орындады.
Ал аудандық және қалалық мәдениет орталықтарының жанынан жұмыс істейтін 80 үйірменің 1000-нан аса шәкірті күміс күйден шашу шашты. Оларға әр аймақтан келген 92 үйірме ұстаздары жетекшілік етті.
Фестивальге өңір басшысы Марат Елеусізұлы да арнайы келді. Алматы облысының әкімі қазақ мәдениетінің дәстүрлерін сақтау мен дамытудың маңызына тоқталды.
«Домбыра – бұл жай ғана музыкалық аспап емес, бұл біздің тарихымыздың, бірегейлігіміздің символы. Жас ұрпақтың өз мәдениетін білуі және жақсы көруі маңызды. Сондықтан домбырада ойнау өнерін кеңінен насихаттау қажет — деді Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев.
«Домбыра-дастан» фестивалі қазақ музыкасы мен мәдениетін сүйетіндер үшін нағыз мереке болды. Арнайы мерекелік бағдарлама көрермендерді Құрманғазы Сағырбайұлының классикалық шығармаларын орындаумен, сонымен қатар композитор Әбдімомын Желдібаевтың «Ерке сылқым» сияқты заманауи әуендерімен де қуантты. Шара облыстық Сүйінбай атындағы филармонияның ұйымдастырған мерекелік концертіне ұласты.