Еліміздегі барлық балалардың есепшотына «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы бойынша алғашқы нысаналы жинақтары түсті. Бағдарламаға қатысушылардың жалпы саны 6 миллион 920 мыңға жуық. Оның ішінде Жетісу облысында 2023 жылдың 31 желтоқсанына дейінгі мәлімет бойынша 202 577 бала тіркелген. Бұл туралы Жетісу облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры АҚ Жетісу облыстық филиалы директорының орынбасары Ануар Елеусізов пен көшпелі қызмет көрсету бөлімінің бастығы Гюзель Оспанова мәлімдеді.
«Барлық балаға қаражат тең бөлінді. Қазіргі уақытта әрбір баланың шотына Қазақстанның Ұлттық қорынан 100 АҚШ доллары және 52 цент мөлшерінде қаражат түсті. Бұл тек алғашқы есептеулер екенін ескерте кету керек. Жыл сайын бұл сома Ұлттық қор активтерінің өсуі және инвестициялық кіріс алу есебінен ұлғайып отырады», — деді Ануар Халықұлы.
Балалардың ата-аналары шотқа ақша түскенін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының сайтынан тексере алады. Ол үшін баланың ЖСН-ін енгізіп, қаражат түскенін, не түспегенін тексеру қажет. Ол жерде 2024 жылға ғана түсетін қаражат болады. Баланың шотына түскен ақшаны тексерудің 2 негізгі жолы бар. Біріншісі – электронды үкімет порталы egov.kz. Екіншісі – Бірыңғай жинақтаушы қорының порталы enpf.kz. Осы екеуінің де мобильді қосымшасынан көруге болады.
«Егер бала 18 жасқа толғанға дейін жазатайым оқиғаларға ұшырап қайтыс болған жағдайда Ұлттық қордың табысынан аударылған жинағы ата-анасына немесе бауырларына беріледі. Бұл жағдайда мұрагерлік құқығы күшіне енеді. Сондай-ақ, бала Қазақстан азаматтығынан айырылып қалса ақша аудару тоқтатылады», — деп түсіндірді Гюзель Оспанова.
18 жасқа толған соң бала Ұлттық қордан түскен төлемді тұрғын үй сатып алуға, білім алуға, оның ішінде шетелде білім алу мүмкіндігіне жұмсай алады. Тағы бір айта кетерлігі, баланың жинағына салық салынбайды. Ата-аналар ешқандай құжат жинап әуре болмайды. Өйткені процесс тұтас автоматтандырылған. Сондай-ақ, Ұлттық қордың инвестициялық табысынан аударылатын қаражат бала 18 жасқа толғаннан кейін 10 жыл шотында сақталады.