Жетісу облысыСаясат

ҰЛЫҚТЫ ҰРПАҚТЫҢ БОЛАШАҒЫ ҮШІН ТАҢДАУ ЖАСАДЫМ

Мемлекет басшысы Қасым-ЖомартТоқаев биылғы Жолдауында «Қазақстан – әлемдегі ең ірі уран өндіруші мемлекет. Ендеше, өз жерімізде атом стансасын салуға әбден қақымыз бар» деп атап өтті. Бұған дейін Мемлекет басшысы халыққа атом энергетикасының маңыздылығын кәсіби түрде түсіндіру қажеттілігін тапсырған болатын.


Бізді қоршаған әлем тез өзгеруде, жаңа құндылықтар қалыптасып, өмір мен адамгершілік туралы жаңа идеялар пайда болып жатыр. Бұл атом электр стансаларында электр энергиясын өндіруге де қатысты. Дүниежүзіндегі реактор өндірушілер уақыт өткен сайын бұрынғыларына қарағанда қауіпсіздеу жаңа типтегі реакторлар шығарып жатыр. Америка Құрама Штаттары мен атом электр стансалары бар басқа да әлеуетті елдер ядролық реакторларды дамытуға қолдауды арттырып, қосымша қаржылық ресурстарды жариялады. Біз де дамушы елдер қатарына қосылуымыз керек. Сол үшін де елде референдум өткізуге тура келді. Бұл мемлекеттің халық үнінен құлақ астатынын тағы бір мәрте дәлелдеді.

Референдум – мемлекеттің ең маңызды мәселелерін халық болып шешудің басты тетігінің бірі. Сол арқылы әрбір әрекетімізді, атқарар істерімізді, еңсерер меже-міндеттерімізді өзара ақылдаса отырып, кемеліне келтіріп, жүйелі жүргізе аламыз. Байырғы замандардағы хандарымыз іргелі істерде халықпен кеңес құрған, бұқарасының батасын алған. Бертінде қазақ көсемдері Мәңгілік ел құру жолында бас біріктіріп, бір тудың астына жиылып, Ұлытаудағы жақпар тастарға бірліктің бітімінің символындай төл таңбаларын қашап қалдырған. Қасым-Жомарт Кемелұлы жариялаған референдумда әрбір қазақстандықтың таңдауы – біріге, тұтаса келе, біртұтас елдің таңдауына айналады. Міне, бүгін әрбір қазақстандық азмат өз таңдауын жасады деп ойлаймын. Мен де ел ертеңі үшін, жарқын болашақ үшін, жас ұрпақтың алаңсыз ғұмыр кешуі үшін өз таңдауымды жасадым.

Ермек КЕЛЕМСЕЙІТ,
 Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы