2024 жылы Жамбыл ауданында «AMANAT» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасы аясында маңызды әлеуметтік және экономикалық жобалар жүзеге асырылды. Аудандық филиал төрағасы Ықылас Амалбек брифинг барысында атқарылған жұмыстардың нәтижесі туралы баяндады.
«2024 жылы ауданымызда 55 жаңа нысан іске қосылып, 467 азамат тұрақты жұмыс орнымен қамтылды. Оның ішінде 24 дүкен, 4 наубайхана, 6 тамақтану орны, 2 тігін цехы бар. Бұл көрсеткіш аудан экономикасын нығайтып, шағын және орта бизнестің қарқынды дамуына мүмкіндік берді. Бүгінде 13 566 кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істеп, 22 284 адам еңбек етуде», – деді Ықылас Амалбек.
«Жер аманаты» жобасы шеңберінде 31 822 гектар пайдаланылмай жатқан жер анықталды. Оның 10 253 гектары мемлекет меншігіне қайтарылды. Сонымен қатар, 429 миллион теңгеге 33 жаңа техника сатып алынып, шаруашылықтардың техникалық паркі 50,5%-ға дейін жаңартылды.
«Қайтарылған 10 мың гектар жер ауыл шаруашылығы айналымына енгізіліп, өнім көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Бұл тек шаруалардың ғана емес, бүкіл аудан экономикасының дамуына септігін тигізеді. Жаңадан алынған техника шаруалардың жұмысты жылдам әрі сапалы атқаруына жол ашты», – деп атап өтті Ықылас Амалбек.
Ауданның туристік әлеуетін дамыту мақсатында 708 миллион теңгеге екі нысан ашылды: «Алматы балық-2050» балық шаруашылығы кешені және «Елік сай» демалыс орны. Бұл жобалар 40 жаңа жұмыс орнының ашылуына мүмкіндік берді.
«Туризм – аудан экономикасының болашағы зор салаларының бірі. Биыл ашылған жаңа нысандар ауданымызды демалушылар үшін тартымды аймаққа айналдырып, қосымша жұмыс орындарын құрды», – деді ол.
14,9 миллиард теңгеге үш жаңа мектептің құрылысы жүріп жатыр, оның екеуі жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Сонымен қатар, 21 мектептің физика, химия және биология кабинеттері жаңартылды.
Денсаулық сақтау саласында 16 медициналық нысанның құрылысы жүргізілді. 274 миллион теңгеге заманауи медициналық жабдықтар сатып алынып, алғашқы медициналық көмек деңгейі артты. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында 75 жас маманға 620 миллион теңге несие, ал 100 маманға 65 миллион теңге көлемінде көтерме жәрдемақы берілді.
«Білім беру мен денсаулық сақтау – біздің басты басымдықтарымыздың бірі. Жаңа мектептер мен медициналық нысандардың құрылысы ауылдық аймақтардың инфрақұрылымын жақсартып, тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған», – деді филиал төрағасы Ықылас Амалбек.
Ұзынағаш ауылында 8,2 миллиард теңгеге 5 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп, 480 пәтер қолданысқа беріледі. Сонымен қатар, 42 тұрғын үйді сатып алуға 1,1 миллиард теңге бөлінді.
Ауыз су жүйесін жаңғырту үшін 4,5 миллиард теңге бөлініп, ауданның 98,4%-ы орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілді. Газдандыру жұмыстары нәтижесінде аудан тұрғындарының 75%-ы табиғи газға қосылды.
«Инфрақұрылымды дамыту – халықтың өмір сапасын жақсартудың негізі. Биыл газдандырылған елді мекендер саны 31-ге жетті. Жаңа тұрғын үйлер мен инженерлік жүйелер құрылысы халықтың игілігіне бағытталған маңызды қадам», – деді Ықылас Амалбек.
2024 жылы Жамбыл ауданында партияның сайлауалды бағдарламасы аясында жоспарланған 33 тапсырманың 17-сі толық орындалды, ал 13 жоба іске асырылу үстінде.
«Әрбір орындалған жоба – халықтың сенімі мен қолдауының арқасында жүзеге асқан нақты нәтиже. Біз алдағы уақытта да халық игілігі үшін жұмыс істей береміз», – деп қорытындылады Ықылас Амалбек.
Айта кету керек, Жамбыл ауданында жүзеге асқан бұл жобалар өңірдің экономикалық дамуын жеделдетіп, тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған.