Бүгінде жасөспірім қыздар мен ұлдар көз жұмуының себептері арасында өз өзіне қол жұмсау көрсеткіші де бар. Жыл басынан Жетісу облысында суицидтің 7 фактісі, 6 әрекет жасау фактісі тіркелген. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында облыстық психикалық денсаулық орталығының психологы Мадина Турдашева мәлімдеді.
Маманның айтуынша, кәмелетке толмаған жастардың психикалық денсаулығындағы мәселелерді тудырушы фактор ретінде депрессия, мазасыздық, буллинг, мінез-құлық мәселелері мен өз-өзіне зақым келтіру.
Сондай-ақ, жасөспірімдер арасындағы екінші өзекті мәселе ерте жүктіліктің алдын алу. Талдықорған қаласында кәмелетке толмағандар арасында ерте жүктіліктің 16 жағдайы тіркелді.
Суицидтің алдын алу үшін дәрігерлер мен психологтар, соның ішінде суицидология және психиатрия мамандары суицидтік ойлар мен әрекеттерге тап болған жасөспірімдермен жұмыс жасайды. Жастар денсаулық орталығында жасөспірімдер әлеуметтік-психологиялық және медициналық қолдауды қоса алғанда, психикалық және репродуктивті денсаулық мәселелері бойынша кешенді көмек ала алады.