Тұмау – әлемде кең таралған, вируспен шақырылатын жіті респираторлық вирустық инфекция.
Ауру жасырын түрде басталады. Инфекция жұқтырғаннан бастап аурудың алғашқы белгілері бірнеше сағаттан бірнеше күнге дейін созылады (орташа есеппен 2-4 күн). Аурудың белгілері өте тез басталады.
Тұмауға тән белгілер:
- дене қызуының жоғарлауы;
- жөтел;
- бас ауру;
- әлсіздік;
- бұлшық еттер мен буындардың ауруы;
- тамақ пен мұрынның қабынуы.
Сырқаттанушылықтың көтерілуі қарашадан басталып, қаңтар, ақпан айларында шарықтау шегіне дейін жетеді.
Жіті респираторлық вирустық инфекция (ЖРВИ) мен тұмаудың эпидкезеңі қазан айынан басталды, қазір күнделікті (1 желтоқсаннан бастап), апталық мониторинг жүргізіліп, сырқаттанушылық бақылануда.
Облыс бойынша 2024-2025жж. эпидемиологиялық маусымда (40-8 апта аралығы) жіті респираторлық вирустық инфекцияның 100 мыңнан астам жағдайы тіркелді, былтырғы эпидкезеңмен салыстырғанда сырқаттанушылық 1,3 есеге төмен. 14 жасқа дейінгі балалар сырқаттанушылықтың 68,4 құрайды.
Жалпы тұмау жұқпасының зертханалық жолмен дәлелденген 166 жағдайы тіркелді, оның ішінде А (А (H1N1) 09-pdm – 79, В — 90. Былтырғы эпидемиологиялық кезеңмен салыстырғанда тұмау жұқпасы 37 жағдайға жоғарылаған.
«Тұмаудың алдын алудың ең тиімді жолы – вакцинация болып табылады. Вакцинация, әсіресе, тұмаудың асқынуының даму қаупі жоғары топтағы адамдар үшін өте маңызды. Жетісу облысы бойынша жергілікті бюджет есебінен жоспарланған тұрғындардың барлығы 100% қамтылды. Жалпы облыс халқының 12,6%», — дейді Жетісу облысы СЭБД басшысы Асхат Чарапиев.
Тұмауға қарсы арнайы иммундаудан басқа тұмау және жіті респираторлық вирустық жұқпаның жоғарылау кезеңінде жұқпаның арнайы емес алдын алу шараларын да естен шығармауымыз керек. Мәселен:
- халық тығыз орналасқан жерлерге бармау;
- бетперде қолдану;
- үй-жайларды жиі желдету, ылғалды тазалау;
- түшкіріп, жөтелген кезде ауызды/мұрынды бет орамалмен жабу,
- жеке бас гигиенасын сақтау (жиі қолды сабынмен жуу),
- тиімді тамақтану, сұйық тағам молынан пайдалану, дәрумендер қолдану,
- физикалық белсенділік.