Жетісу облысыӨңірлер

ЖЕТІСУ ОБЛЫСЫ: Су шаруашылығы мамандарын оқыту көзделуде

Жетісу облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз конференциясында «Қазсушар» РМК Жетісу облысы филиалының директоры Саят Құдайбергенов пен Су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Балқаш-Алакөл бассейндік инспекциясы басшысының міндетін атқарушы Медет Керімжанов вегетациялық кезеңнің өтуі туралы және егістік алқаптарын суармалы сумен қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды мәлімдеді.

Жетісу облысы республиканың ірі аграрлық өңірлерінің бірі. Елдегі егіс алқаптарының басым бөлігі де облысқа тиесілі. Аймақ бойынша, суармалы жерлерді сумен қамтамасыз ету ірі суару жүйелері мен су қоймалары арқылы жүзеге асырылады. Атап өтсек, өңірде 8 су қоймасы бар, оның ішінде Ескелді ауданындағы Алмалы,  Ащыбұлақ, Ақешкі су қоймалары және Ақсу ауданындағы Қызылағаш су қоймасы «Қазсушар» РМК-ның филиалының қарауында. Ескелді ауданының су қоймаларына жыл сайын ағымды жөндеу жұмыстары өткізіледі. Ал, Ақсу ауданындағы Қызылағаш су қоймасы пайдалануға берілмеген. Оны  максималды жобалық көлемге дейін толтыру арқылы апатты су тастағыш құрылымды технологиялық сынау бойынша жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде су қоймасының толтырылуы орташа 74% жетті, транзиттік режимде жұмыс істеуде.

«Облыс бойынша жалпы саны 141 техника бар, оның ішінде 35-40-ның жағдайы сын көтермейді. Айта кету керек, соңғы жылдары Үкімет тарапынан су шаруашылығы саласына үлкен көңіл бөлініп, апатты жағдайдағы гидротехникалық құрылғылар мен арналарды жөндеп, қалпына келтіруге республикалық және облыстық бюджеттен қомақты қаржы бөліне бастады. Соның нәтижесінде, облыс көлемінде суландыру жүйелерінің техникалық жағдайын жақсарту арқылы суармалы жерлердің өнімділігін арттыру бағытында біршама игі жұмыстар атқарылуда.  Мәселен, өңірде  Ислам Даму Банкі  қарыз  есебінен «Ирригация  және дренажды қалпына келтіру» жобалары іске асырылуда. Ақсу, Көксу аудандарында құрылыс монтаждау жұмыстары жүргізілуде, ал Ескелді ауданында жұмыстары аяқталды», — деді Саят Үсенұлы.

Тағы бір айта кететін жайт, салада кадр жетіспеушілігі орын алып жатыр. Қазіргі уақытта облыс әкімдігінің қолдауымен «Көксу ауылшаруашылық колледжіне» бюджет  арқылы  су шаруашылығы мамандарын оқыту үшін грант бөлінуде. Оқу қыркүйек айынан басталмақ.

Облыста өзендердегі  су  деңгейі тәулік бойы тұрақсыз деңгейде, өзгермелі күйде тұрады. Осыған байланысты облыста жаңа су шаруашылығы объектілерін салу, ирригациялық желілерді қалпына келтіру және реконструкциялау жөнінде іс-шаралар қабылдау мәселелері көзделген. Барлық өндірістік учаскелер су тұтынушылардың өтінімдеріне сәйкес суармалы су беруде. Облыс бойынша вегетациялық кезең қалыпты режимде өтуде.