2024 жылдың қаңтар айынан бастап ҚР Бас прокуратурасының тапсырмасы бойынша санитарлық ережелер мен гигиеналық нормативтер талаптарының сақталуына мектеп асханалары мен буфеттерін тексеру басталды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында өткен баспасөз мәслихатында облыстың санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Самат Ахметов айтып берді.
Спикердің айтуынша, биылғы оқу жылының басынан бастап 1-4 сынып оқушылары үшін тамақтану ұйымдастырылған. Өңірдегі 340 мектептің 277-де асхана, 17-де буфет және 46 буфеттік тамақтандыруды ұйымдастырумен бейімделген үй-жайлар бар. 2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша облыста оқушылар саны 130 мыңға жуық. Оның 89,5%-ы ыстық тамақпен қамтылған.
Санитарлық ережелер мен құрылыс нормаларына сәйкес қарастырылған. Білім беру объектілерінде, мектепке дейінгі ұйымдарда, балалар үйлерінде, балалардың сауықтыру және санаторий объектілерінде перспективалы маусымдық дұрыс, теңгерімді екі апталық мәзір жасалады. Тамақтанудың іс жүзіндегі рационы мен күнделікті ас мәзірін жасау бекітілген перспективалы ас мәзіріне сәйкес қамтамасыз етіледі. Күн сайын тамақтану рационына ет, сүт, сары май және өсімдік майы, қара бидай және бидай наны, көкөністер мен қант қосылады. Күнтізбелік жеті күнде бір реттен балық, жұмыртқа, ірімшік, сүзбе, құс етін сиретпей қосады», — деп қорытындылады Самат Ахметов.