ЖаңалықтарЖетісу облысы

Жетісу облысында мемлекеттік аудит нәтижесінде 1,4 млрд теңге қаржылық бұзушылық анықталды

Жетісу облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті 2024 жылдың алғашқы 10 айында белсенді жұмыс атқарып, мемлекеттік ресурстардың тиімді пайдаланылуын қамтамасыз ету және қаржылық заңдылықтардың сақталуын бақылау бойынша бірқатар маңызды шараларды жүзеге асырды. Бұл туралы Жетісу облысы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында Жетісу облысының Ішкі мемлекеттік аудит департаменті басшысының орынбасары Қуаныш Мұсаұлы баяндады.
2024 жылдың қаңтар-қазан айларында Жетісу облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті 82 аудиторлық тексеру жүргізді. Жалпы 11,4 млрд теңге бюджет қаражаты қамтылып, 1,4 млрд теңге қаржылық және 6,2 млрд теңге рәсімдік бұзушылықтар анықталды.
Анықталған қаржылық бұзушылықтардың 92,1 млн теңгесі бюджетке қайтарылып, 266,6 млн теңге қалпына келтірілді. Сонымен қатар, мемлекеттік сатып алулар бойынша 55 лотта 1,08 млрд теңгеге бұзушылықтар тіркелді.
Тәртіптік жауапкершілікке 66 лауазымды тұлға тартылып, 378 тұлғаға жалпы сомасы 44 млн теңге айыппұл салынды.
Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында аудиттің 24%-ы электрондық форматта жүргізілді. Бұл әдіс тексерушілер мен объектілер арасындағы байланыстарды азайтып, аудиттің ашықтығын қамтамасыз етті.
Жетісу облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті заңдылық пен ашықтықты қамтамасыз ету бойынша жұмысын жалғастыруда.