Республика бойынша «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтті. Нәтижесінде Жетісу облысында жалпы 79 қылмыс тіркеліп, оның 43-і кезекшілік тәулікте ашылды. Іздеуде жүрген 2 қылмыскер ұсталды. Осындай ақпаратпен Өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық Полиция департаменті жергілікті полиция басқармасының бастығы Қайсар Мухметов бөлісті.
«Өңірде барлығы 4486 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Бұрын жасалған 23 қылмыс ашылды. Сондай-ақ, облыс аумағында есірткі заттарын сақтағаны үшін 5 адам ұсталып, заттар тәркіленді. Нақты тұратын жері жоқ 10 адам қабылдау тарату-орындарына қамалды. Уақытша бейімдеу және интоксикация орталығына қамалғандар – 97 азамат. Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталықтарына 4 адам орналастырылды», — дейді полиция полковнигі.
Брифинг барысында спикер «Қару өткіз – сыйлық ал» атты тіркелмеген қаруды сатып алу акциясы туралы да тілге тиек етті. Айтуынша, заңсыз сақталған атыс қаруын, оқ-дәрілерді және жарылғыш заттарды ақшалай сыйақы үшін тапсыруға ниет білдірген азаматтар қалалық немесе аудандық полиция бөлімдерінің кез келгеніне өтініш бере алады. Қаруды ерікті түрде тапсырғаны үшін материалдық өтемақы төлеу сомасы әр бірлік үшін 10-нан 100 АЕК-ке дейін өзгереді. Қару-жарақ заттарын тапсырған азаматтар ақшалай қаражат арқылы сыйақы алады.
Айта кетейік, жедел-профилактикалық іс-шара барысында атыс қаруын алып жүргені үшін бір, оқ-дәрілерді заңсыз алып жүргені үшін 3 адам ұсталды. Ал, суық қаруды заңсыз пайданған 2 адам белгілі болды.
Спикер заңсыз сақталған атыс қаруын, оқ-дәрілер, немесе жарылғаш заттарды өз еркімен тапсырған азаматтардың қылмыстық немесе әкімшілік жауапкершіліктен босатылатынын мәлімдеді.