Облыста жаңа су шаруашылығы нысандарын салу, ирригациялық желілерді қалпына келтіру және реконструкциялау жөнінде іс-шаралар қабылдау мәселелері көзделіп отыр.
Атап айтсақ, Ақсу ауданында Биен өзеніндегі су қоймасының құрылысы, Ескелді ауданында «Балықты» су қоймасын салуды қажет етеді. Панфилов ауданына Қорғас өзеніне, Өсек өзеніне және Тышқан өзеніне үш су қоймасы салынбақ.
Алакөл ауданында 2000 га жаңа суармалы жерлерді айналымға енгізу үшін Жаманты өзенінің су қоймасының құрылысы, Көксу ауданында Быжы өзенінің су қоймасының құрылысына жергілікті атқарушы орган есебінен тэхнико-экономикалық негіздеме жасалуда. Алдағы уақытта жобалық сметалық құжаттама әзірленіп, құрылыс монтаждау жұмыстары жүргізіледі.
«Бүгінгі таңда ауыл шаруашылығында 9 300 гектар егістік бар, оның 2 500 гектары тамшылатып суарумен және 6 800 гектары шашыратумен қамтылған», — деді ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі Су шаруашылығы комитетінің «Қазсушар» РМК Жетісу филиалының директоры Саят Құдайбергенов.