Жетісу облысында 13,7 мың шақырым электр желілері мен 2,6 мың қосалқы станция бар. Десе де өңірдегі жарық көзімен жабдықтау объектілерінің тозуы 80%-дан асады. Әсіресе «ТАТЭК» АҚ-да – 87,2% жоғары көрсеткішті көрсетіп тұр. Сондықтан апатты жағдайларды болдырмау үшін 130 мыңнан астам тұрғынның электр жарығын жақсартуға мүмкіндік беретін 47,8 шақырым желі мен 3 қосалқы станция жақын арада жаңғыртылмақ. Жобаны іске асыру мақсатында жоспар бойынша 11,7 млрд теңге бөлінеді. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Жетісу облысы бойынша департаментінің басшысы Арман Сағымбеков пен облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Айдос Бекетаев айтты.
Облыста жылу желілерінің жалпы ұзындығы 390 шақырымға жететін 10 табиғи жылумен жабдықтау монополия субъектісі бар. Тарифтерді өзгертуге 113 өтінім түсті, бірақ оның 68-і жобалардағы кемшіліктерге байланысты қабылданбады. Арасындағы 13 инвестициялық бағдарлама бекітілді.
«Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы бойынша 11 өтінім қаралды. Оның ішінде 3 базалық субъектісі бар: «Жетісу Су құбыры» МКҚК, «ТАТЭК» АҚ, «Талдықорғантеплосервис» КМК. «Талдықорған теплосервис» КМК 96,8 млн теңгеге бекітілген қосымша инвестициялық бағдарламасы инженерлік желілердің тозуын азайтады. «ТАТЭК» АҚ бойынша электр энергиясын тасымалдаудың орташа тарифі 1,62 теңгеге көтеріліп, 1 кВт/сағ үшін 8,76 теңгеге жетті. Бұл жалақыны 50 пайызға, 94-тен 148 мың теңгеге дейін көтеруге мүмкіндік береді. 180 млн теңге жететін қосымша инвестициялық бағдарлама активтерді жаңғырту мен қайта құруға, желілердің тозуын және төтенше жағдайларды азайтуға бағытталған», — деді Арман Сағымбеков.
Қабылданған шешімдер 2023 жылдың 11 айында 23 қоғамдық тыңдау өткізу арқылы жарияланды. Нәтижесінде 2 табиғи монополия субъектісіне қатысты әкімшілік істер қозғалып, 3 312 000 теңге айыппұл салынды.
«Жыл соңына дейін 47,8 шақырым электр желісі мен 3 қосалқы станция жаңғыртылады. Нәтижесінде облыстың 130 мыңнан астам тұрғыны сапалы электр қуатын алатын болады. Жалпы, 2023-2029 жылдар аралығында инвестицияның жалпы көлемі 11,7 млрд. теңге. Нәтижесінде 7 жыл ішінде желілер мен жабдықтардың 12%-ы жаңартылып, тозу деңгейі 15%-ға төмендейді. Сондай-ақ, бюджет есебінен 232,5 шақырым желі мен 2 трансформаторлық қосалқы станцияның құрылысы және қайта жаңарту жоспарлануда», — деп қоса айтты Айдос Бекетаев.