І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде 25 қазан – Республика күні қарсаңында «Менің туым» акциясы өтті.
Мемлекеттік ту көтеру рәсіміне Әскери кафедра командирлері, университет оқытушылары мен қызметкерлері, студенттер қатысты.
Әлеуметтік жұмыс және жастар саясаты жөніндегі проректор Болат Сериев мемлекеттік рәміздерді насихаттауға бағытталған патриоттық шараның маңызына тоқталып, елдігіміздің бастауы саналатын Республика күні мерекесімен құттықтады.
«Республика күні — тәуелсіздіктің асқақ символы. 1990 жылы, дәл осы күні Қазақстанның Егемендігі туралы декларация қабылданды. Бұл декларация еліміздің конституциялық дамудың негізін қалады» – деді проректор.
Университет жастары атынан Жаратылыстану-техникалық факультетінің 2 курс студенті Нұржан Қойшыбеков сөз сөйлеп, жастардың бойындағы отанға деген сүйіспеншілік — басты құндылық екенін айтты.
Сызық бойына сап түзеген сарбаздар Қазақстан Республикасының мемлекеттік туын ортаға шығарды, әнұран орындап, көк байрағымызды көкке көтерді.
Шараның мақсаты ұлттық мерекенің маңыздылығын дәріптеп, студент жастардың патриоттық сезімін ояту.